11-17 мамыр аралығына жұлдыз-жорамал

504
көрілім

Тоқты

Басшылығыңыз бен әріптестеріңізді таңқалдырудың сәті түседі. Қандай қиындық болсын, өзіңіздің жоғары біліміңіз бен айрықша қабілетіңізді көрсетіңіз. Қам жемеңіз, бәрі қолыңыздан келеді. Мамыр айының 11-13 күндері ашуға ерік беріп жүрмеңіз. Ол күндер осы айдағы ең қарбалас сәттеріңіздің бірі болмақ.

Торпақ

Сүйікті адамыңыз тосынсый әзірлеуі мүмкін. Қандай жағдай болсын жүрегіңізге жақын қабылдамаңыз. Бүгін іске аспаған дүние келесіде бір жақсылығын әкелетінін естен шығармаңыз. Қолыңыз босағанда өзіңізді дамытуға тырысып, көбірек кітап оқығаныңыз жөн.

Егіздер

Етегіңізге жалқаулық жабысып, құрған жоспарларыңызды аяқ асты етуі мүмкін. Соның салдарынан жұмыста келеңсіздіктер орын алып, жақындарыңызға да қолұшын бере алмауыңыз мүмкін. Өзіңізді қолға алыңыз. Артық салмақтан арыламын деген Егіздерге біршама еңбектену қажет.

Шаян

Мамыр айының 11-13 аралығында достарыңыздан көмек сұрап, маңызды шешім шығарарда көппен кеңескеніңіз абзал. Бір өзіңізге бар жұмысты тындыру қиынға түседі. Қаржылық тұрғыда да қиындықтар болуы мүмкін. Дегенмен айдың ортасына қарай жағдай тұрақталып, барлық мәселелер шешілуге шақ қалады. Уақтылы тамақтануды ұмытпаңыз.

Арыстан

Еркіңізден тыс махаббат оқиғасына тап болуыңыз мүмкін. Бұның бір себебі, көпшілік арасында жиі болып, бар назар сізге ауады. Алайда өзіңіз араласуды құп көрмейтін жандармен осы бастан қарым-қатынасты үзгеніңіз жөн. Бақша жұмысына ден қойғандардың ісі алға басып, көңіл-күйлері көтеріледі.

Бикеш

Мамыр айының 13-і күні басыңыздан өткен оқиғаларды мұқият ой елегінен өткізіңіз. Соның ішіндегі біреуі сіз үшін маңызды болғалы тұр. Жұлдыздар қазір қалаған затыңызды сатып алуға кеңес береді. Себебі осыған дейінгі атқарған қажырлы еңбегіңіз көп нәрсеге мүмкіндік беруде.

Таразы

Аяқ асты әрі жылдам жаңа таныстықтар орнатасыз. Сол адамдарға асқан қырағылықпен көз тастаңыз, араларында айрықша біреу бар шығар. Алдағы маңызды келісімшарттарға қол қоюыңыз мүмкін. Демалыс күндері пәтеріңізге тазалық жұмыстарын жүргізгеніңіз жөн.

Сарышаян

Апта бастала салысымен қаржылық қиындықтарға жолығуыңыз мүмкін. Мұндай күрделі сәтті ата-анаңыз бен достарыңыздың көмегіне жүгініп еңсеруге болады. Көмек сұраудан еш қысылмаңыз. Ойда-жоқта тұмауратып қалсаңыз бірден ақ халаттыларға жүгінгеніңіз дұрыс.

Мерген

Өзіңізге деген сенімділік бұған дейін жұмбақ саналған талай есіктердің ашылуына себепші болмақ. Кеңседе жүріп қандай да бір бастама танытсаңыз, бастығыңыз оны ескеріп, кәсібилігіңізге лайықты бағасын береді. Жұмыстарыңызды аяқтасаңыз, жақсылап тынығып алыңыз.

Тауешкі

Өкінішке қарай, осы аптада сәтсіздік пен жұмысқа деген сылбырлық серігіңізге айналады. Қиынға түссе де отбасы мүшелерімен кикілжіңге барудан аулақ болыңыз. Жағдай ушығып кетсе, татуласу қиынға түседі. Осы уақытта бала-шағаңызға барынша көңіл бөлуге тырысыңыз.

Суқұйғыш

Салыңыз суға кетіп, көңіл-күйіңіз төмендесе, жағдайды реттеу өз қолыңызда. Осыған орай көп уақытыңызды достарыңыздың арасында өткізіп, сүйікті ісіңізбен айналысқаныңыз ләзім. Жұмыс бөлмеңіздегі керек емес заттардан құтылып, реттеліп алыңыз.

Балықтар

Бір ғана сәт бір айлық жұмыс күніңізге әсер етуі мүмкін. Бастысы сағыңыз сынбай, қандай қауырт жұмыс болса да жинақылық танытыңыз. Әлдекімдер сыртыңыздан өсек-аяң таратып, жолыңызды кес-кестеуі мүмкін. Абзалы, жүйкеңізді жұқартпай, сөзіңіз жараспайтын жандармен ат құйрығын кесіскеніңіз жөн.