Тарбағатай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 400 тонна қоқыс шығарылды

1245
көрілім
Экологиялық акция еліміздің түкпір-түкпірінде әлі жүргізіліп келеді. Бұл жолы тазалық науқанын Тарбағатай ауданы жалғастырып, оған 270-тен астам адам қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Акция аясында аудан жастары, еріктілер мен мемелекеттік қызметкерлер және ауыл тұрғындары аянып қалмады. Олар көшелерді, арықтардың арнасы мен өзен жағалауын қоқыстан тазартып, экологиялық мәдениетті арттыруға атсалысты. Сондай ақ, тазалық шарасында жастар қазан көтеріп, қатысушыларға палау және сусын таратты.
– Тазалық акциясы басталғалы аудан тұрғындары белсенді қатысып келеді. Бүгінгі күнге дейін аудан орталығы мен ауылдық округтерді тазалауға 5 мың адам қатысып, 400 тонна қоқыс шығарылды. 5 мың көшет, 33 мың бір жылдық, 6 мың көп жылдық гүлдер егілді. Акция аясында саябақтардың аумағы тегіс қоқыстан тазартылды. Шараға барлық мекемелер мен аудан тұрғындары жаппай қатысып, белсенділік танытуда. Бұл маңызды бастама осымен тоқтап қалмайды, ары қарай жалғастыратын боламыз, – деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы.
Жалпы Amanat партиясының ұйымдастырумен қолға алынған тазалық науқаны еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл жолы да партия өкілдері Тарбағатай ауданы орталығында жұртпен бірге тазалық акциясына қатысып, табиғат пен қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптастыруға үлес қосты. 
– «Таза бейсенбі» акциясы айналаны таза ұстауға  ғана емес, жас ұрпақты қоршаған ортасын аялауға тәрбиелейтін маңызды шара деп санаймын. Акция басталғалы ауылдар қоқыстан арылып, тыныстары ашылып қалғандай. Әрдайым өзіміз мекен ететін жердің тазалығына мән беріп, бұндай шараларды әдетке айналдыруымыз керек, – дейді Amanat партиясы Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы Асқар Жұмашұлы.
«Таза бейсенбі» акциясы азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға, құндылықтарды, табиғат пен қоршаған ортаға деген қамқорлықты қалыптастыруға ықпал етпек.
–  Осы экологиялық акция басталғалы қатысып келемін. Өте пайдалы іс. Ауыл маңы, көшелер, су арналары тазарды. Енді ауыл тұрғындары көрінген жерге қоқыс тастауды қойып, тазалық мәдениетін сақтаса екен деп ойлаймын. Ауыл тазалығы ойын балалары үшін де, қыдырып келер қонақтар үшін де маңызды. Тазалық денсаулық кепілі екенін ұмытпайық, - деді ауыл тұрғыны Оразай Талантұлы.
Осылайша жаңадан ірге көтерген Тарбағатай ауданы тағы бір мәрте ауқымды тазалық науқанын өткізіп, аймақ қоқыстан тазартылды.