Зайсанда халық спорты ойындары жалғасуда

598
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Шығыс Қазақстан облысының XXII халық спорты ойындары өз мәресіне жетуге таяды. Аударыспақ, теңге ілу, бәйге сынды спорт түрлерінен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарыстың екінші күні алаңға жиналғандар аударыспақ ойынының шешуші кезеңіне куә болды. Бұған дейін чемпиондыққа таласқан балуандар енді өз аудандарының намысын қорғап, топтық нәтижеде жеңімпаз атануға тырысты. Білектілер 11 салмақ дәрежесінде өзара күш сынасып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі болды. Сайыс қорытындысы бойынша Ұлан ауданы рекорд жаңартты, команда 7 алтын жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орынды Тарбағатай ауданы иеленсе, үшінді орында Күршім ауданы тұрақтады.

- Міне араға бірнеше жыл салып ұлттық спорт ойынының майталмандары Зайсан жерінде бас қосты. Бұл әр ауданның, ауылдың арманы еді. Атаулы ойын мен үшін өте маңызды. Сайыста бас төрешілік қызметтен бөлек өзім ат шылбырын тартып үйреткен шәкірттерім бүгін бақ сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша Ұлан ауданы жүлдеден құр алақан емес. Сайыс өте тартысты, әділ өтті, - деді аударыспақтан бірнеше дүркін ел чемпионы, ШҚО бойынша аға жаттықтырушы Жұмабек Қаирбердіұлы.

Ұлан ауданынының құрамасы

Аударыспақ ойындарын қорытындылаған мезетте ел назары бірден үлкен алаңға ауысты. Атшабар алаңда жарыстың маңызды ойыны бәйге басталған еді. Ат тұяғын дүбірлеткен құнан, жорға, аламан бәйге осы дүбірлі додада ерекше леп берді, қиқу салған атсүйер көрерменнің делебесі қозып, сайыстан ерекше рух алғандары байқалды. Бәйгенің үш түріне де әр ауданнан шабандоздар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Тарбатай ауданының шабандозы қанжығасына байласа, ІІ орынды Өскемен қаласы иеленіп, ІІІ орынға Катонқарағай ауданының шабандозы табан тіреді. «Жорға» бәйгесінде ерекше көзге түскен шығысқазақстандық шабандоздар: Катонқарағайдан келген Аман Илдиевтің жорғасы І орынды, Зайсандық атбегі Еркебұлан Тілеуғалиұлының аты ІІ орынды, Күршімнен келген Дәулет Темірланның сәйгүлігі ІІІ орынды қанжығалады. Бәйгенің бас додасы «Аламанда» саңылақтар сап түзеп, сайыстың сәнін кіргізді. Алашқа айтулы аламанның қорытындысы бойынша мәреге бірінші Күршім ауданының дүлділі «Алтын алқа» атты арғымағы келді, екінші болып Шемонаиха ауданынының «Хан барысы» жүйрігі және үшінші Тарбағатай жерінің «Қаракөк» атты тұлпары мәре сызығын кесіп өтті. Бәйгенің барлық түрінен топ жарғандар ақшалай сыйлық иеленді: 1-орын алған жеңімпаздарға 500 мың теңге, 2-ші болып келген жүлдегерлерге 300 мың теңге, 3-орын алған шабандоздарға 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.

- Облыстың бірнеше аймағынан сәйгүліктерін сайлап келген шабандоздар зайсандықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық спортқа жанашыр тұрғындар шабандоздардың шабысын тамашалап, бәйге алаңына асыққан азаматтарға рух берді. Барша жеңімпаздарды құттықтаймыз!, – деді ұйымдастырушылар.

Жүйріктерді анықтап, даланың шаңы басылған уақта кезекті тартысты ойын басталды. Ержігітті епті еткен «Теңге ілу» атты бұл ойынның ойынның ережесі ерекше. Ойынға алдымен кілең сайдың тасындай, ат құлағында ойнайтын, мықты жігіттер іріктеліп ортаға шығады. Кейін ортадағы төреші топ алдына бірнеше қызыл орамалға түйілген темір ақшаны жерге тастайды. Шабандоздар кезектесіп 150-200 метр қашықтықтан екпіндетіп шауып келіп, жерде түюлі жатқан теңгені еш кідірместен іліп алып, құлаштап көтеруі керек. Теңге ілуге ір ауданнан келген 11 спортшы қатысты. Кілең мықтының арасынан оқ бойы оза шапқан ұландық Олжас Оралов 1-орынды, өскемендік Слямбек Қабиев 2-орынды, зайсандық Думан Қасенов 3-орынды иеленді.

- Ат үстіндегі жауынгерлік өнер саналатын «Теңге ілу» ойынына қатысқалы міне 10 жылға таяды. Бұл спорттың мен үшін алар орны бөлек, жануар мен жігіттің мықтылығын паш етеді. Әр шабандоз қатысқаннан кейін жеңімпаз атанғысы келетіні шындық. Алайда кейде бап шапқанмен бақ шаппауы мүмкін. Бүгінгі ойында екінші орынға тұрақтадым, қарсыластар осал емес, әр ауданның епті, елеулі шабандоздары, - деді жүлдегер Слямбек Қабиев.

Шығыс Қазақстан облысының XXII халық спорты ойындарының негізгі мақсаты – ұлттық мәдениеттің қазынасын қайта жаңғыртып, ата дәстүрді сақтау, жастар арасында насихаттап, салауатты өмір салтын дәріптеу. Шығыс жұрты асыға күткен дүбірлі дода әлі де жалғасын таппақ.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Фотосурет автордікі