Өскеменде рұқсатсыз салынып жатқан 5 көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды

218
көрілім
Фотосурет ашық дереккөзден

Өскемен қаласында салынып жатқан 5 көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарына рұқсат беретін құжаттары толық болмай шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

ШҚО мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Өскеменде рұқсат беретін құжаттары толық болмай шыққан 5 көпқабатты үйдің құрылысын тоқтатты. Олар «Astoria», «Asyl Tau», «Шаңырақ», «Крылов» және «Мұзтау» тұрғын үй кешендері.

-Қазіргі уақытта қала бойынша барлығы 35 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан екі компания ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 320-бабы (Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актіні және тұрғын үй заңнамасының талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы ретте, тұрғындарға салынып жатқан үйді брондау шарттары заңсыз екендігін, үйді келісімшартта көрсетілген мерзімде алуға кепілдік бермейтінін ескертеміз, - деп хабарлады басқармадан.

Көбінесе құрылыс компаниялары жоғары санатты пәтерлерді жарнамалап жатады. Дегенмен жобалық құжаттамаға сәйкес тұрғын үй класы жарнамаға сәйкес келмей шығуы мүмкін.