Жарма ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр?

26693
көрілім

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін азайту, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының мерзімін ұзарту, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті грант санын ұлғайту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырма берген болатын. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгін осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша медицина мамандарының ауылға баруы жайында сөз қозғамақпыз.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы жас мамандар мен философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі Комиссия шешімі бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медицина мамандығын бітірген 2981 (72,1%) жас маман мен философия докторына (PhD) жұмысқа жолдама берілді. Оның ішінде ауылдық жерге 797 жас маман бөлінді. «Білім беру туралы» ҚР Заңының 47-бабы 17.2-тармағына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырыс негізінде оқу бітірген 1156 (27,9%) жас маман мен философия докторы (PhD) енбекпен өтеу міндеттемесінен босатылды.
Бүгінгі таңда мамандарға мұқтаж өңірлер аз емес. Әсіресе, ауылдық жерлерге сұраныс көп. Оқуын бітірген жас маман шалғай елді мекендерге барып неге жұмыс істемеске? Қазір қаладағы жағдай ауылда да жасалып жатыр. Осыны ескерген жас мамандар мемлекет көрсеткен қолдаумен ауылға аттануда. Аталған бағдарламамен жұмыс істеп, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып жүрген жастармен сұхбаттастық.
- Ауылым үшін сапалы қызмет етуге әзірмін. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді, – дейді кейіпкеріміз Гүлдана Мұратова.
Жас дәрігеріміз адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан қашпайтын, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Бақытты шет елден де емес, қаладан да емес өзіміздің кішкентай ғана ауылымыздан табуға да болады деп есептейді. Бүгінгі таңда Гүлдана «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Абай облысына қарасты Жарма ауданының Қалбатау ауылының орталық аудандық ауруханасында қызмет істейді.
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасының басты міндеті – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету ғана емес, қала мен ауыл мектептері, ауруханалары, емханалары арасындағы білім беру, денсаулық сақтау қызметі сапасының едәуір алшақтығын жою. Сол себепті оқуымды аяқтағаннан кейін ауылым алтын бесігім Қалбатауыма келдім. Осы бағдарламаның көмегімен үй алып, қосымша жәрдемақы алып өзімнің ауылым үшін сапалы қызмет етуге әзірмін, – дейді жас маман.