Күршімде кәсіп ашқан

660
көрілім
Фотосуреттер кейіпкер мұрағатынан

Күршім ауданы Күршім ауылының тұрғыны Райхан Нұрғазина тұшпара дайындайтын шағын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өнім тек күршімдіктер емес, көрші ауыл тұрғындары тарапынан да мол сұранысқа ие. Кейіпкеріміз мұнымен тоқтап қалмай, өндірісін одан әрі дамытуды көздеп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

- Алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз...

- Самар ауданы Бастаушы ауылының тумасымын. 2009 жылы тұрмысқа шығып, Күршім ауылына келін болып түстім. Негізгі мамандығым – әлеуметтік жұмыскер. Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысамын. Жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз.

- Жеке кәсіпке қалай келдіңіз? Неліктен тамақ өнеркәсібін таңдадыңыз?

- Ата-енем үйде тұшпара дайындайтын. Бастапқыда сол кісілерге көмектесетінмін. Бір жылдан кейін еншімізді алып, бөлек шықтық. Күйеуім жалғыз өзі жұмыс істеп жүрді. Ал мен бала күтіміне байланысты үйде отырдым. Жолдасымның бір жағына шығысып, көмектесейін деген ниетпен үйде тұшпара түйіп, ауылдағы дүкендерге өткізіп жүрдім.

- Бизнес бастауға алғашқы капиталды қайдан алдыңыз?

- Күршім ауданының әкімдігінен «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естідім. Кейін керек құжаттарды жинап, үйімізді кепілге қойдық. 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алып, кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік туды. Қазір цех ашып, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. 5 млн теңге қаражатты 5 жыл ішінде қайтаруға мүмкіндік бар. Осы айда бірінші жылдың несиесін толық төледім. Мен сияқты жас кәсіпкерлерге де осы бағдарлама бойынша кәсіп бастауға кеңес беремін.

- Неліктен «Арема» деген атауды таңдадыңыз?

- Жолдасымның, өзімнің және үш баламыздың есімдерінің бастапқы әріптерін ұйқастырып осылай атауды шештік.

- Ұжымыңызда неше адам жұмыс істейді?

- Бүгінгі күні цехта 3 адам еңбек етеді. Өндіріс көлемі де күн сайын артып келеді. Болашақта жұмысқа тағы адам алу ойда бар.

                                                                                                                          

- Мәзірлеріңізде басқа да тағам түрлері бар ма?

- Иә, әрине. Тұшпарадан бөлек манты, картоп пен ірімшік қосылған вареники, котлет, тефтели өнімдерін дайындаймыз.

- Өнімдеріңізді қалай сатасыздар? Әр тағамның орташа бағасы қаңдай?

- Қазір Күршім ауылы бойынша тауарды 12 дүкенге таратамыз. Сарыөлең ауылынан да арнайы сатып алады. Бағаларына келетін болсақ, тұшпараның келісі – 2300 теңге, мантының келісі – 2500 теңге, котлет, тефтелидің келісі – 3400 теңге, вареникидің келісі – 1300-1500 теңге аралығында тұрады.

- Тұтынушылар саны көп пе?

- Иә. Күнделікті 20 келі тұшпара дайындаймыз. Ол тіпті келесі күнге жетпей қалады. Сұраныс жоғары. Осыған дейін ешқандай шағым естіп көрмедік. Оның үстіне қазіргі балалардың тамақты талғап ішетіні тағы бар. Ал ата-аналардың көбі баласының біздің тұшпараларымызды сүйсініп жейтінін айтады. Бізді қуантатыны – осы.

- Болашақта қаңдай жоспарларыңыз бар?

- Мәзірге «бөрек» дейтін тағам түрін қосқымыз келеді. Бірақ әзірге үлгермей жатырмыз. Оған қаражат та керек. Дегенмен ауыл тұрғындарын сапалы әрі дәмді өнімдермен қуанта бермекпіз.

Қымбат МУХАМАДИЕВА