Катонқарағайда 8 млрд теңгеге жаңа демалыс орны салынбақ

195
көрілім
Фотосурет ашық дереккөзден

Қазір ауданда 1520 орынға есептелген 66 туристік орын жұмыс істейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.   

Катонқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Расул Карабалиновтың айтуынша, аймақта 3 ірі туристік жоба іске асырылмақ. 
- TOR'RE ALTAY INVEST ірі халықаралық қонақ үй бизнесі операторы Wellness Resort санаториялық-сауықтыру кешенін салады. Қазір «QZ Property» жеке компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, меморандумға қол қойылды. Кешен аумағында медициналық бөлім, СПА, мейрамхана, теннис корттары, аллеялар мен автотұрақтар болады. Қонақ үй 218 төсектік 109 нөмірге арналмақ. Жобаның жоспарлы құны 8 млрд теңгені құрап отыр, - деді жауапты тұлға. 
Сондай-ақ «Артел» ЖШС бастамасымен модульдік павильондары, мейрамхана және кофеханасы бар демалыс базасының құрылысы басталатынын айтты. Ол үшін 250 млн теңге көзделуде.
- Катонқарағай ауылында бес жұлдызды қонақүй, тау шаңғысы курорты, аэродромды қайта құру мен Өрнек ауылын абаттандыруды қолға алдық, - деп толықтырды Расул Мырзабекұлы. 
Айта кетейік, PKF Hospitality халықаралық компаниясының қатысуымен аймақтағы туризмді дамытудың Бас жоспары әзірленуде. Оған 36,5 млн теңге бөлінген.

Қымбат МУХАМАДИЕВА