Өскеменде қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды

107
көрілім
Фотосурет ашық дереккөзден

Жәбірленушілерге келтірілген шығын сомасы 42 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

№2 қалалық сотының ақпаратынша, С. азаматша 2017 жылы тұтыну кооперативін тіркеп, пайызсыз несие арқылы жылжымалы және жылжымайтын мүлікті тиімді алуға көмектесетінін жарнамалаған. Оның сөзіне сенгендер келісім-шартқа отырып, есепшотына ақша аударған.

Бірақ 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың қазан айы аралығында келісім орнатқан үлескерлерге ешқандай несие берілмей, қаражат қайтарылмаған.

-С.-ның қылмыстық әрекеті нәтижесінде 19 жәбірленушіге жалпы сомасы 42 880 461 теңге материалдық залал келтірілген. С. қаржылық (инвестициялық) пирамида құрып, оны басқарған, - деп мәлімдеді №2 соттың баспасөз қызметіндегілер. 

Сот құқық бұзушының Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.