Абай облысында 32,5 миллион теңгеге орнатылған дәретхананың есігі жабық тұр

821
көрілім
фотосурет Дидар Смагұловтың мұрағатынан
Бұл туралы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол Семей трассасынан Қарауыл ауылына апарар жолда орналасқан елдегі ең қымбат дәретхана техникалық шарттарға сай еместігін айтып, тіпті ішкі мемлекеттік аудит департаментінен осының мән-жайын сұраған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Айтуынша, дәретхана осы жылдың ақпан айында қолданысқа берілді деген аты ғана, әлі күнге дейін жұмыс істемейді. 
- Семей қаласының әккі шенеуніктері санитарлық блокты сатып алуды «Семей жолдары» ЖШС жүргізіп жатқан автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен байланыстырып, жасырып қойған. Аталған жұмыс құны 1,5 жылда 2 миллиард теңгеден асып жығылды. Ішкі мемлекеттік аудит департаменті  берген ақпаратқа сүйенсек, дәретхананың актісін облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Абай Асылбек қабылдап алған. Жауапты тұлға осыдан бір ай бұрын қызметін ауыстырды. Ішкі мемлекеттік аудит депараменті өкілдері тауарға сараптама жүргізу керектігін айтқан, алайда оларда сараптамаға бөлетін қаржы жоқ, - деді әлеуметтік белсенді өз парақшасында.
Сондай-ақ департамент ұсынған мәліметке сәйкес, даладағы дәретхананың екі жыл (жарты жылдан бері жұмыс істемей тұр) мерзімге кепілдігі бар. Санитарлық-гигиеналық блок мынадай нәрселермен жабдықталған көрінеді: сауда жасауға арналған зал, ерлер мен әйелдер дәретханасы, жуынатын бөлме, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған гигиеналық бөлме, қызметкерлер бөлмесі және электрлі (конвекторлық) жылытумен қамтылған техникалық бөлме. Ал қоғам белсендісі «Бағасына қарасаң ішінде алтын дәретхана барма дерсің» - дейді. Дидар Смағұлов бөлініп, игерілген сома қомақты екенін айтты. Ал қаржысы мен қауырт жұмысы неліктен қабыспай тұрғанын тексеруге қаражат болмай тұрғанын ескеріп, шикілік барын шәк келтірмеді.
- Дәретхананың ішіне кіріп көрдік. Бірнеше рет қоңырау шалып, күзетшіге есікті аштырттық. Иә, жұмыс істемейтін дәретханада ауысыммен 2 күзетші жұмыс істейді екен. 1500 шақырым жол жүріп келгенде күткен дәретхананың түрі мұндай емес еді. Электр жарығы да, су да қосылмаған, төбесі салбырап, құлап жатыр. Дәретханалары арзан материалдардан жасалған. Жауаптылардың жұмысқа салғырт қарағаны көрініп-ақ тұр. Едені шұрқ тесік. Іште тек мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әжетхана бар. Құжатта көрсетілген  жылу жүйесін де, келушілерді санайтын интеллектуалды бейнебақылау камераларын да көрмедім, - деп түйіндеді Дидар Смағұлов сапардан алған әсерін.
Тақырып түйіні сол, ішкі мемлекеттік аудит департаменті жергілікті «Антикор» мекемесіне осы мәселе бойынша шолу хат жолдағаны мәлім болды. Бірақ әзірге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен хабар жоқ.