Өскеменде өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін жетік білетіндер анықталды

151
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойына орай «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Шара Шығыс Қазақстан  облысының Мәдениет басқармасы мен ШҚ лингвистикалық орталығының бастамасымен өткізілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейтіп, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін анықтауды мақсат етеді. 

                                                                                                       

Конкурсқа аудандық, қалалық іріктеуден өткен 18-35 жас аралығындағы этнос өкілдері қатысты. Олар 4 кезең бойынша бақтарын сынап, білгендерімен бөлісті. «Жұлдызды сәтте» өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салды. «Сөздің көркі» кезеңінде мақал-мәтелдер айтып жарысса, «Ой ұшқыны» кезінде отбасы, салт-дәстүр, Ілияс Жансүгіров және басқа да белгілі тұлғалардың шығармашылығы туралы сөз саптады. Ал қорытынды «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» кезеңінде берілген сұрақтарға жылдам әрі дұрыс жауап беріп, алғырлықтарын танытты. 

Әділқазылар шешімімен 3 орынды Үлкен Нарын ауданынан келген Мария Қақанова мен Катонқарағай ауданының жастар ресурстық орталығының маманы Рахмеджан Гожамбердиев иеленді. Жүлделі 2 орынды жүйке ауруларын емдейтін емхана қызметкері Кристина Батырханова жеңіп алса, 1 орынды С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың “Орыс тілі мен әдебиеті” мамандығының 3 курс студенті Мария Колчина қанжығасына байлады. Ал бас жүлдеге Глубокое ауданындағы “Достық үйінің” әдіскері Анна Яковлева лайық деп танылды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді үйрену үшін ниет пен төзімділік керек. 

                                                                                                       

- Бүгінгі байқауға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Өзім орыс мектебін аяқтадым. Кейін колледжге түсіп, қазақ тобында оқыдым. Мемлекеттік тілді де сол уақытта тез үйреніп кеттім. Грамматикамен шектелмей, тыңдалым мен айтылым дағдыларын қатар дамытса, кез келген тілді меңгеруге болады. Әрине, басында қиындықтар болады. Маған қазақ тілді ортада жүргенім көп көмектесті. Ал бүгінгі сайысқа жан-жақты дайындықпен келдім. Өз басым бір орында тұрып қалмай, үнемі даму үстінде болғым келеді. Бұл байқаудың да мен үшін маңызы зор, - дейді Анна Яковлева. 

Айта кету керек, байқаудың бас жүлде иегері республикалық кезеңге жолдама алып, облыс намысын қорғайды. ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов республикалық кезеңге дайындық үшін қолдау көрсетілетінін айтты. 

- Мемлекеттік тілдің дамуына әр қатысушы өз үлесін қосып келеді деп есептеймін. Келесі кезеңге дайындалу үшін басқармада кітапхана, музей қоры бар. Мамандар жан-жақты көмектесетін болады. Бүгінгі жеңімпаз республикалық байқауда да топ жарып, шығыстың абыройын арттырады деп сенемін, - деді ол. 

                                                                                                       

Сондай-ақ байқауға белсене қатысқан ҚР ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша департаментінің офицері Тимофей Руденко мен Шемонаиха ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің тәрбиешісі Надежда Родина алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА