Абай облысының әкімдігі 42 миллион теңгеге автокөлік сатып алғысы келеді

843
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден
Қазір облыс әкімінің аппараты әкімдік автопаркін екі жаңа автокөлікпен толықтыратын жеткізуші іздеп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қосымша құн салығын есептемегенде, әкімдік бір көлікке  21 990 000 теңге, екіншісіне 19 990 000 теңге төлеуге дайын. Темір тұлпарларға қойылатын талаптар тым күрделі емес. Мысалы, қосымша құн салығынан тыс 22 миллиондық автокөлікте кроссовер кузовы типіне ие болуы керек. Қозғалтқыш көлемі кемінде 2497 текше сантиметр, толық жетегі, круиздік бақылау, артқы көрініс камерасы, былғары орындықтар, проекциялық типтегі текше жарықдиодты фаралар болуы қажет. 
Алғалы тұрған көліктер 150 мың шақырымды еңсеріп береді деген кепілдігі де беріліпті. Бірақ бұл қызметтік көліктер үшін өте аз. Мәселен, жақында ғана Семей қаласы әкімінің аппараты 992 мың 259 шақырым жол жүріп тастаған Land Cruiser 100 автокөлігін аукцион арқылы 5 миллион теңгеге сатты. Айтпақшы, дәл осы әкім аппараты өткен жылдың желтоқсан айында «Allur» сауда үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 124 миллион теңгеге 8 жаңа көлік сатып алуға келісімшарт жасасқан. Таңдалған Chevrolet Equinox маркалы көлігі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытынан жеткізілмек.
Абай облысы әкімдігіндегілер қызметтік көліктің өндірушісіне, маркасына нақты бір талаптар қоймапты.
- Ал қосымша құн салығынсыз бағасы 20 миллион теңгеден асатын көлікке келсек, жетек (привод) түрі: 4WD болуы керек. Төменгі жағы жерден 18 см биікте болуы тиіс. Көп функциялы руль. Мобильді құрылғыларды қосуға арналған Bluetooth жүйесі. Көліктің артына жайғасқан жолаушыларға арналған ауа дефлекторлары. Кондиционер. Көлік жүргізу режимін таңдау жүйесі. Радио, RDS және USB кірісі бар аудио жүйе. Балалар орындықтарын орнатуға арналған тіреуіштері бар кроссовер түрі де жарайды, - делінген мемлекеттік сатып алу порталында.
Тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдау 24-шілдеде басталды.