Аягөзде төрт баласынан айырылған отбасына қандай көмек берілді – әкім жауабы

8430
көрілім
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде Аягөзде өрт салдарынан төрт баласынан айырылған отбасыға қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Осы қайғылы жағдай болғанда ең бірінші аудан әкімі, менің бірінші орынбасарым сол отбасының қасында болды. Толығымен көмек көрсеттік. Қазір оларға уақытша екі бөлмелі пәтер бердік. Бұл пәтер тұрмыстық техникамен, жиһазбен толық жабдықталған. Желтоқсан айында өздерінің қалауымен Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер беріледі. Себебі олар Өскемен қаласында тіркеуде тұр. Осындай көмек көрсетілді, әлі де қажетті көмекті көрсетіп жатырмыз», — деп жауап берді Н. Ұранхаев Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сауалына.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Аягөзде өртенген үйден 4 баланың денесі табылған еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл балалардың үйде жалғыз қалғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, ҚР Бас прокуратурасы Аягөздегі 4 баланың өліміне қатысты тергеу басталғанын хабарлады.