Семейде сотты балағаттаған ер адам көше сыпыратын болды

894
көрілім

Семей №2 сотында қызмет барысындағы сотқа былапыт сөз айтқан қала тұрғынының ісі қаралды. Берілген ақпаратқа сүйенсек, оның ісі Қылмыстық кодекстің 410-бабы, 2-бөлігіне сәйкес әділдік таразысына түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Іс материалында ер адамның сот залында әуелде мүлде басқа себеп бойынша айыпталғаны жазылады. Нақты айтсақ, прокурор  ұялы телефон ұрлағаны үшін оны кейбір сәттер бойынша ақтап шығу туралы үкіммен келіспеген. Аздан соң шешім шығарылып, айыпталушы оның жөн-жосықсыз екенін ашық жеткізген. Үкім оқылып жатқанда сотқа бейәдеп сөздер айтты.
- Оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, сотқа құрметсіздік көрсетіп, сот төрелігін жүргізу барысында беделіне нұқсан келтіретін сөздер айтқаны үшін тағы да айыпталды. Осыдан кейін оның үстінен ҚР ҚК-нің 410-бап, 2 бөлігіне сәйкес жаңа іс қозғалды, - делінген ақпаратта.
Ер адам өз кінәсін мойындады. Оған қоса, бұл сот психологиялық-филологиялық зерттеу қорытындысымен расталды.
- Істің мән-жайы мен мемлекеттік айыптаушы пікірі ескеріліп, сот шешімімен қала тұрғынын 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды, -  деді Семей қаласының №2  сотының баспасөз қызметіндегілер.
Кінәлі деп танылған қала тұрғыны көше сыпырып, бордюрлерді сырлау, ағаштарды әктеу және басқа да қоғамдық жұмыстарға үш жылдан соң кірісе алады.
Неге үш жылдан кейін деген сауал туындаса, айыпталушы алдымен оның алдында шығарылған үкімге сәйкес, істегенін мойнымен көтеруі тиіс. Абай облысы бойынша қылмыстық сотының сот алқасы оны үш жылға бас бостандығынан айырған.