Қайғылы оқиға 4 тамызда туристік жорық кезінде болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
20 адамнан тұратын топ Риддерден бес шақырым жерде өз бетінше жаяу серуендеген. Громотуха өзенінің сарқырамасына келгенде өзен арнасынан өтпек болған қыз бала аяғымен тастан тайып, ағыны қатты суға түсіп кеткен. Оқиға орнында оның ата-анасы да болған еді.
- Сағат 14:45-те №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне Громотуха өзені аумағында «Компания ЛК ГЭС» ЖШС су алғышынан жоғары ағысқа қарай қызды су алып кеткені туралы қоңырау түсті. Сағат 15:30-да оқиға орнына УАЗ құтқару көлігімен 10 адам және Риддер қалалық полиция бөлімінің 5 қызметкерінен тұратын №1 МӨСБ жіберілді, - деп мәлімдеді Риддер қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері.
Іздеу жұмыстары бірнеше сағатқа созылды. Мұндағы жер бедері тасты. Құтқарушылар мен полицейлер тек соқпақ жолмен жүрді. Сағат 18:03-те су алатын жерден бес, ал жағадан 25 метр жерден қыз баланың денесі табылды. Азаматтық қорғау қызметкерлері полицейлердің қатысуымен марқұмның денесін судан шығарды. Оны су алатын жерге әкеліп, кейін арнайы қызметке тапсырды.