15-21 ақпан аралығына арналған жұлдыз-жорамал

474
көрілім

Тоқты

Қазір не нәрсені қолға алсаңыз да барлығы сәтімен болмақ. Жұмыста беделіңіз артып, әріптестеріңіз де оң пікірлерін білдіреді. Дегенмен әлдекімдердің әккі ойы мен қитұрқылық жасауға оқталып жүргендіктерін іштей сезіп жүресіз. Шыңға шыққаныңыз бәріне бірдей жаға бірмейді.

Торпақ

Егер сүйікті адамыңыз көңіліңіз құлазыған сәтте жаныңыздан табылып, бар сырыңызды құлақ түре тыңдаса ондай жанды бағалай біліңіз. Өмірлік серігіңізден түсіністік пен қолдау білдіруін күтесіз. Олай болмаған жағдайда сезім қылы үзіліп кетуі ғажап емес.

Егіздер

Отбасындағы көшбасшы өзіңізсіз. Ақыл-кеңесіңізді тыңдап, бағыт-бағдар алуға асығады. Сондықтан құнды дүниелер айтып қана қоймай кейін сол сөздеріңіз үшін жауап беруге әзір болыңыз. Бір жерден кілтипан шықса достарыңыз сын айтуға асығады.

Шаян

Дәрігер тексерісінен өтіп, қазіргі жағдайыңызды бағамдап алуға қолайлы уақыт. Диагноз жылдам әрі дұрыс қойылмақ. Бірақ маман таңдауда мұқият болғаныңыз жөн. Не де болса емханалардың біріне барған абзал, бақсы-емшілер бағытыңызды бұрулары ғажап емес.

Арыстан

Күш-қуатыңыз толысып, құлашыңызды кеңге жайып келе жатқаныңызды сезесіз. Жеке өміріңіздегі романтика, жұмыста ісіңіздің алға басуы – көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қолға алған ісіңізге құлшыныс туғызады. Отбасылық мерекені табиғат аясында атап өтіңіз.

Бикеш

Аптаны белсенділікпен бастайсыз. Түр-әлпетіңізге мән беріп, жаңа заттар сатып аласыз. Үнемі ертеңге қалдыра бергенше осы бастан күнделікті жаттығу кестесін бекітіп алыңыз. Нәтижесін аз уақытта байқайсыз. Әсіресе жүзумен айналысқаныңыз дұрыс.

Таразы

Қаржылық қиындыққа ұшырау қаупі байқалмайды. Керісінше, жұлдызнамашылар табыс табудың жаңа мүмкіндіктері пайда болып, сенімді серіктестермен тізе қосып әрекет ететініңізді болжауда. Алайда ақша қолыңызға бірден түспейді, сәл күтуіңіз қажет.

Сарышаян

Отбасыңызбен табиғат аясында тынығып қайтуға қолайлы мерзім. Баратын жерлеріңізді ертерек анықтап алыңыздар: үйіңізден тым жырақтап кетудің қажеті жоқ. Тіпті туыс-туғандарыңызды ертіп шықсаңыздар еш әбестігі болмайды. Жолда жүргенде сақ болыңыз.

Мерген

Ең романтикалық кезеңдердің бірі болар қазіргі уақыт. Махаббат кемесіне мініп, сүйіктіңізбен бақытты күндеріңіздің бірін кешесіз. Әлбетте, мұнымен аяқталмайды. Үлкен өмірге аяқ басқанда да береке-бірліктеріңіз бекемделіп, барлығы ойлағандарыңыздай болмақ.

Тауешкі

Ізденісіңіз бен жаңашылдығыңыз жұмысқа жаңа серпін әкелгендей. Қызметіңізде екпіндетіп келіп, бағытыңызды кілт бұрғанда әріптестеріңіз де соңыңыздан еруге ұмтылады. Көпшіліктің өзгеруіне себепші болған кәсіби шеберлігіңізді одан әрі дамыта түсіңіз.

Суқұйғыш

Қос тараптың пікірі ығырыңызды шығаруы мүмкін. Сүйіктіңіз бен әріптестеріңіздің ұсыныстары арқан тартысқа ұқсап кеткендей. Қай жақтың күші басым, солар тартып әкетеді. Дегенмен тығырықтан шығып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың ретін табасыз.

Балықтар

Әлдекім өміріңізге елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін. Жұмысыңызда бұрыннан көңіліңіз ауып жүрген нәзікжандымен көңіл жарастырып, кейін шаңырақ көтеруіңіз ғажап емес. Алайда өзгеріс әкелетін кім? Болашақ жарыңыз ба, әлде жаңа лауазым ұсынатын бастығыңыз ба?