Тоқты
Кикілжіңді болдырмау үшін отбасындағы басқару тізгінін отағасына беруіңіз тиіс. Бұған көндігуге тырысыңыз, себебі мұның барлығы уақытша дүние. Маусым айының 19-нан кейін әлдеқандай шаршаңқылық пен іске деген енжарлық пайда болуы мүмкін. Мұндайда үйіңізде қалып тынығып, күш-қуат жинап алғаныңыз дұрыс.
Торпақ
Көптен күткен жан рахатын сезініп, көңіліңіз бір серпіліп қалады. Оны айналаңыздағы адамдармен бөлісуден қысылмаңыз. Жұмысқа зауқыңыз соғып тұрса маңызды деген шаруалардың шетін шығарғаныңыз жөн. Бәлкім, ет жақындарыңыз сізден көмек сұрап қалуы мүмкін, бас тартпағаныңыз жөн. Күнделікті тағам мәзірінен майлы асты алып тастаңыз.
Егіздер
Сізге дәл қазір маңызды шешім шығаруға тура келеді. Таңдау жағына келсек ешкімнен көмек күтпеңіз, себебі олар басқа бағытты сілтейді. Алдағы демалысыңызды отбасыңызбен немесе сүйіктіңізбен өткізгіңіз келсе, табиғат аясына, саяжайға шығып бойжазып қайтқаныңыз дұрыс.
Шаян
Басқасы басқа, қазіргі уақытта маңызды деген тірліктерді бірінші кезекке қойып, жинақылық танытқаныңыз абзал. Заттарыңызды, шашылып жатқан қағаздарыңызды реттеп, артық-ауыстан арылыңыз. Тіпті санаңыздағы керексіз ақпараттарды да шығарып тастаңыз. Осыдан-ақ байқайсыз, көкірек тынысыңыз біршама ашыла түскендей болады.
Арыстан
Арыстандардың бақшадағы жұмысы қызып тұр. Дейтұрғанмен күнделікті атқаратын шаруаларыңызды да естен шығармаңыз. Отбасы мүшелерімен жылы қарым-қатынаста болып, көмек сұраса қолұшын беруге әзір жүріңіз. Қандай жағдай болса да ренжітіп алмауға тырысыңыз.
Бикеш
Дәл қазір өзіңіз үшін күрмеуі қиын шаруаларды қолға алмағаныңыз дұрыс. Кейінге қалдырудың реті келмесе, жүктемені көбейтпей орындауға тырысыңыз. Жұмыста Бикештерді ерекше тосынсый күтуі мүмкін. Ең дұрысы, ісіңіздің ілгерілегенін әріптестеріңізге тіс жарып айта көрмеңіз.
Таразы
Маусым айының 14-16 күндері аралығында болашаққа құрған жоспарыңызды түбегейлі өзгертетін бір серпіліс болуы мүмкін. Осыған даяр болыңыз. Бала-шағаңыз да бұл уақытта еркелікке басса, сүйіктіңіз сізді біреулерден қызғанатынды шығарады. Мұндайға күле қарап, жүйкеңізді жұқартпауға тырысыңыз.
Сарышаян
Өзіңіз толыққанды танымайтын адамдарға сенім артып, кейін бармақ тістеп қалмаңыз. Одан да емен-жарқын сыр шертісетін ескі достарыңызбен ұдайы байланыста болыңыз. Көп көлемде сауда жасап, шығындалуға асықпаңыз. Алайда көңіліңіз ауған ұсақ-түйек заттарды алуға болады. Демалыста көркем әдебиетпен сусындасаңыз, мархабат.
Мерген
Осы кезеңде іске асыруға оқталған жоспарыңыз аяғына дейін орындалмай қалуы мүмкін. Көңіл-күйді түсірудің қажеті жоқ, керісінше, оны шешудің басқа жолдарын қарастырыңыз. Жақындарыңыз қателікке бой алдырып жатса, оларға ренжімей, кейін сол олқылыққа өзіңіз бойалдырмауды ойлаңыз.
Тауешкі
Қазір сізге қолдау қажет болса, қысылмай ата-анаңызға жүгініңіз. Олар сізден ешқашан да бас тартпайды. Қаржылық тұрғыда қиындыққа тап болуыңыз мүмкін. Барынша шыдап бағыңыз, бастысы, қарызға ақша алудан аулақ болыңыз. Біреуге берешегіңіз көбейіп кетсе, кейін құтылу оңай болмайды. Маусым айының 19-нан кейін бәрі тұрақталады.
Суқұйғыш
Егер біреуге әлденені уәде етсеңіз оны сөзбұйдаға салмай бірден орындауға асығыңыз. Олай болмағанда ең жақын достарыңызбен жүз-шайысып, кейін жағдайды түзеу қиынға түседі. Бұл кезеңде спортпен шұғылданып, жағажай маусымына даяр болыңыз.
Балықтар
Айдың ортасына қарай Жұлдыздар шығармашылықпен айналысуға кеңес береді. Бұдан рухани шабыт алып, бірнеше хобби табасыз. Апта соңына қарай әл-қуатыңыз азайып, құнарлы тағам ішуге тәбетіңіз оянады. Бұл орайда жұбайыңыздың ықыласпен әзірлеген асы бәрінен де дәмді болып шығады.