ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 шілде күні қатты соққан дауыл кезінде «112» және «101» нөмірлеріне облыс тұрғындарынан 100-ге тарта қоңырау келіп түскен. Жұртшылықтың көпшілігі сынған ағаштарға, ұшып кеткен шатырға және зақымданған автокөлікке қатысты шағым түсіріпті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Глубокое, Ұлан, Жарма аудандарында облыс орталығындағы бірқатар көшелерде дауылдың салдарынан электр қуаты өшіп қалған.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласындағы жел екпіні секундына 24 метрге дейін жетсе, Көкпекті ауданының Самар ауылында секундына 24 метр, Зырян ауданының Селезенка ауылында секундына 34 метрге дейін соққан.
– Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің қалалық және аудандық бөлімдерінің қызметкерлері әрбір қоңырау бойынша анықтау жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккен адамдар жайлы ақпарат келіп түскен жоқ, – дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ