1 ақпаннан бастап Өскемен тұрғындары үшін жылу мен ыстық су 10 пайызға қымбаттайды

278
көрілім
Фото: news.myseldon.com сайтынан

Естеріңізге сала кетейік, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жылумен қамтамасыз етуші ұйымдардың тарифтерін көтеруді бекіткен болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бағаның өсу себебі - қуаттылықтар мен жылу орталықтарын жөндеуге инвестициялау. Тарифтерді көтеру мәселесін Өскемен және Согра ЖЭО-лары, сондай-ақ Өскемен жылу жүйелерінде істен шыққан жабдықтарды ауыстыру қажеттілігімен, қызметкерлердің орташа жалақысының өсуімен және отын (көмір және мазут) сатып алу шығынының өсуімен байланыстырды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті олардың өтініштерін қанағаттандырды. Антимонополистер Өскемен және Согра ЖЭО, сондай-ақ «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-ның жарияланған инвестициялық бағдарламаларды орындауын бақылауға уәде береді. Басқа жағдайда, монополистер төмендетілген өтемдік тарифтер арқылы тұтынушыларға ақшаны қайтаруға міндетті болады.
Ыстық су мен жылуға жаңа тарифтер бір жыл мерзімге белгіленді: 2024 жылдың 1 ақпанынан 2025 жылдың 31 қаңтарына дейін. Бұл ретте тұрғындар үшін төлемдер өседі, ал бюджеттік ұйымдар үшін керісінше азаяды.
- Бізде тұтынушылардың үш санаты бар, - дейді "Өскемен жылу жүйелері» АҚ қаржы директоры Алла Фатеева. - Жалпы өнімнің 72 пайызын халық, жеті пайызын бюджеттік ұйымдар, 21 пайызын кәсіпкерлік субъектілері құрайды. 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы бюджеттік ұйымдардың тарифтері бойынша біз өңірлер арасында, яғни ең жоғары тарифтер бойынша 14-орында болдық. Тұтынушылардың әртүрлі топтары арасындағы айырмашылықты азайту мақсатында тұрғындар үшін тариф 10 пайызға, басқа тұтынушылар үшін 15 пайызға көтерілсе, бюджеттік ұйымдар үшін тариф 26 пайызға төмендетіледі.

Келесі айдан бастап қанша төлейтін боламыз?

Жылу есептегіштері жоқ үйлерде бір гигакалория үшін төлем (ҚҚС есептегенде) 4950,71 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 450 теңгеге қымбат. Есептеу құралдары орнатылған үйлерде бір гигакалорияның бағасы 3 087,76 теңге, яғни 343,44 теңгеге өседі. Ескірген үйлерде тұратындар бір гигакалория үшін 4125,60 төлейді, былтырғы жылмен салыстырғанда 375,06 теңгеге артық.
Есептеу аспаптары жоқ бюджеттік ұйымдар өткен жылы бір гигакалорияға 39 147,60 теңге төлеген. Жаңа тариф бойынша олар 28 921,20 теңге төлейтін болады.
Шаруашылық субъектілері үшін де тариф көтеріледі.


Қымбат МУХАМАДИЕВА