1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді

424
көрілім
Фотосурет BAQ.KZ сайтынан.

Бұдан былай мекенжай анықтамасы атымен болмайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандықтар енді бір анықтаманы алу үшін кезекте сағаттап тұрмайтын болады. Яғни, 1 қарашадан бастап ешбір мемлекеттік орган, мектеп не медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын сұрай алмайды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді.

1 қарашадан бастап "мекенжай анықтамасы" мемлекеттік реестрден мүлдем алынып тасталады.

"Осыған дейін бұл ақпарат жұмысқа орналасу, мектепке, бала­бақшаларға және медициналық мекемелерге ресімдеу кезінде талап етіліп келген еді. Халық мәжбүр болды. Негізінде, заңға сәйкес ешбір азамат өзінің қай жерде тұратыны туралы құжатты әкеліп беруге тиіс емес. Ол ешқандай бапта көрсетілмеген. Бұдан былай қазақстандық азаматтар біреуге дәлелдеуге де міндетті емес. Мемлекеттік органдар да, білім беру мекемелері де сұрата алмайды", - деді вице-министр Абылайхан Оспанов.

Оспановтың айтуынша, мемлекеттік органдар мекенжай деректерін ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы алатын болады.  

Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.  

"Осы жылдың өзінде мекенжай анықтамасын алу үшін адамдар халыққа қызмет көрсету оралықтарына 9 млн рет барған. Жұмыс берушінің бұл анықтаманы сұратуға хақысы жоқ. Ал, егер жеке тұлға өзі қайда тіркелгенін білгісі келсе, egov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп көре алады. Жаңадан жұмысқа орналасып жатқан азаматтар еңбек шартында тұрғылықты мекенжайын жазып көрсетеді. Соған қарамастан, жұмыс беруші қоймай сұратса, кез келген жеке тұлға сот органдарына барып шағымдана алады", - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова.

Басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл тек азамат бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция.

Айта кетейік, мұның бәрі халықтың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетуге ықпал етпек. Ең бастысы, кез келген уақытта, ешқайда шықпай-ақ қалаған құжатыңызға қол жеткізе аласыз.