2017 жылы "Менің өлкем" газеті арқылы шешімін тапқан мәселелер

2022
көрілім

«Менің өлкем» газеті алғашқы нөмірінен-ақ оқырман көңілінен шығатын өңірлік БАҚ-тың біріне айналғаны рас. Өйткені газеттің басты мақсаты – көкейкесті мәселеге көңіл аударып, шешілмеген сауалға жауап іздеп, билік пен халық арасындағы алтын көпір болу. Біз жыл сайын газет арқылы шешімін тапқан оқырман сауалын қорытындылауды дәстүрге айналдырғанбыз. Биыл да осы дәстүрді бұзбай, күні-кеше тарих парағына қатталып кеткен күндерге қайта оралып, 2017 жылы, яғни тауық жылында нәтижесін берген мақалаларды тағы бір саралап өтуді жөн көрдік. Жалпы, газет тілшілерінің жазған әр мақаласының өзі оқырман үшін маңызды ақпарат көзіне айналғаны анық. Олай деуімізге себеп жоқ емес! Біздің тілшілер жыл көлемінде білім, ауыл шаруашылығы, әкімшілік, қылмыстық, азаматтық саладағы заңнамалық актілердің өзгерістерін саралап, көлік тізгіндеген жүргізушіге, оқушы мен оның ата-анасына, қарапайым шаруаға оңтайландырып ұсынып отырды.

Қаңғыбастардың «қонақ үйі»

Біздің өңірге қылышын сүйретіп келетін қыс қашан да қаһарлы болатыны белгілі. Облыс орталығының көшелеріндегі аялдамаларда автобус тосамыз деп қар аралас ызғарлы желден қорған таппай әбден жаураған қалалықтар 2016 жылы жылы аялдамалар салынған кезде бір қуанып қалғаны рас. Алайда көпшіліктің игілігіне бола салынған бұл жаңа аялдамалар қаңғыбастардың (БОМЖ) паналайтын орнына айналарын кім білген?! Газет редакциясына хабарласқан оқырмандарымыз жылы аялдамаларда үнемі қаңғыбастар мен маскүнемдер ұйықтап жататынын, ол жердегі жағымсыз иіске шыдау мүмін еместігін айтып, «Жылы аялдамалардың тазалық жұмыстарына кім жауап береді және қоғамдық орынға қаңғыбастардың қонуы заңды ма?» деген сұрақтар төңірегінде жауап алғылары келді. Осы мәселеге байланысты газет тілшісі облыс орталығындағы саусақпен санарлықтай жылы аялдамаларды аралап, мәселені көзімен көріп, мақала жазды. Нәтижесі көп күттірмей, ертесіне-ақ қала билігі мәселеге көңіл аударып, қаңғыбастардың «қонақ үйіне» айналған жылы аялдамалардың ішін жинастырып, «тұрғындарын» тысқа шығарды.

Сан мен сапа артты

2017 жылы газет тілшілерінің жасырып-жасқанбай қалалық биліктің алдына кесе-көлденең тартқан мәселелерінің бірі қазақ мектептерінің жағдайы болды десек артық айтпаған болармыз. Дегенмен, оқушы саны апта санап артқан қазақ мектептері жағдайының мәз еместігі жайы бұл жылы ғана жазылды деп айтуға келмес. Бүгінде Өскемендегі мемлекеттік тілде оқытатын бар-жоғы тоғыз мектеп толғанның үстіне толып, кейбір білім ордаларына бала қабылдау қиынға айналған. Соңғы бірнеше жылда қалаға лап қойған қазақтың көптігі бұл мәселені тіпті күрделендіріп жіберді. Бұл тақырыпта мақала жазбас бұрын барынша жіті зерттеу жүргіздік. Статистикалық деректерге сүйеніп, қалаға келген қазақты тыңдадық. Көшіп келгендердің басым көпшілігінің облыс орталығының Жібек маталар комбинаты (КШТ), Ахмер, Меновное, Согра кенттеріне қоныстанғанын есепке алып, аталған аумақтың халқымен кездесіп, қалаға көшкен тұрғындармен әңгіме өрбіттік. Бәрінің мұқтаждығы да, мәселесі де ортақ. Осы тұрғыда мақала жаздық. Нәтиже көп күттірмеді. Жергілікті билік тұрғындардың сұранысын сұрыптап тоғыз қазақ мектебінің тізімін оныншы мектеппен толтырды. Атап айтсақ, жыл бел ортасынан ауа Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа ғимаратқа көшуіне орай оның босаған ғимараты №47 қазақ мектебіне берілді.

Жиі талқыланды

Қазақ баспасөзі құрылғалы бері тіл мәселесі ең жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналғаны белгілі. Десек те туған тіліміздің бүгінгі таңдағы әттеген-айлары да жоқ емес. Өңір көшелерін аралап жүрсеңіз, қазақ тіліндегі дүкен атауларында, баннерлер мен жарнамаларда тілді шұбарлау мен әріп қатесінен көз сүрінеді. Осы салаға жауапты басқарма бұл заң бұзушылықтарды жою үшін талай шаралардың тізгінін ұстағанымен, сауатсыз жарнама беретін мекемелер қарасының әлі де баршылық екені рас. Осы ретте, көз сүріндірер қатені көзі шалған әрбір адамның арыз-шағым түсіріп, қазақ тіліндегі әріп қатесін жөндетуге құқығының барын айқындап мақала жаздық. Нәтижесінде бірқатар сауда нысандары мен мекемелердің тақталары мен жарнамалары ретке келтірілді.

Қалпына келді…

Жыл бастала Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылындағы қыста қардан, жазда шаңнан, көктем-күзде батпақтан көз ашпайтын Молодежная және Звездная көшелерінің жағдайы назарға алынды. Мақалада қоқысты қоршауынан асыра лақтыратын бірқатар ауыл тұрғындарының әрекеттері мен үй арасындағы қара жол жағдайының нашарлап, көше шетіндегі арықтардың бітелуі кесірінен ауыл басындағы алқаптан келетін қар мен жаңбыр суының жолды шайып, адамның жүруіне жарамсыз ететіндігін тілге тиек еттік.

Жаз соңында Күршім ауданының Теректібұлақ ауылының жанындағы Қаратал өзенінің мәселесі қозғалды. Кезінде Күршімнің көк айдынынан көлкіп аққан Қаратал өзенінің бүгінде құрғап, суының саязданғаны өзен маңын жағалаған тұрғындарды қатты алаңдатып отырғанын жаздық. Арық суы тапшылығының тауқыметін өзгелерден ерекше тартқан Теректібұлақ ауылы тұрғындарының жергілікті биліктің «бас ауыртып, балтыр сыздатқан» мәселеге жіті көңіл аудармай отырғанын, ал жергілікті әкімдіктің өзен арнасын қалпына келтіру қаржыға келіп тірелетінін жаздық.

Қараша айында газетіміз облыс орталығының іргесіндегі Ахмер ауылындағы аты бар да заты жоқ аялдамалар жайын қозғады. Редакцияға жүгінген ахмерліктер ауылға қатынайтын автобус аялдамаларының жоқтығы мұнда жол мұратын нағыз машақатқа айналдырғанын алға тартты. Көктем-күзде күнделікті белшеден балшық, қақаған қыста қар кешіп үйге жетуді әдетке айналдырған ауыл тұрғындары ескі Ахмер мен әскери қалашық арасындағы жол бойында автобус аялдамаларының аты болғанымен заты жоқ екенін айтты. Қалың қазақтың мәселесін газет тілшісі анықтап көрді.

Дегенмен, айтылған сынға оң көзбен қараған жергілікті билік қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтажын елеп-ескерді. Атап айтсақ, Глубокое ауданының әкімдігі берген уәдесінде тұрып Молодежная және Звездная көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіп, көшелерді қиыршық таспен тегістеді. Күзге қарай газет редакциясына Күршім ауданынан қоңырау шалған оқырманымыз Қаратал өзені арнасының қалпына келгенін айтып сүйінші сұрады. Газет редакциясына ресми жауап берген аудан әкімдігі 2017 жылдың 3 тоқсанындағы аудандық мәслихат сессиясы Қаратал және Күршім өзендеріне байланысты бірқатар мәселелерге нүкте қоятынын хабарлаған еді. Соңында ақша бөлінді, арнаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ал Ахмер ауылындағы автобус аялдамаларына қатысты жауап қатқан Өскемен қаласының әкімдігі Ахмер ауылынан әскери қалашыққа апаратын жолдың екінші дәрежелі көшелермен қиылысатын тұстарына бірнеше аялдама кешендерінің 2018 жылдың бірінші тоқсанында орнатылуы мүмкін екенін хабарлады.

Мүмкіндігі артты

Тамыз айында өңірдегі қоғамдық көліктер мен инфрақұрылымның мүгедектер үшін тым қолайсыз екендігі назарға алынды. Облысымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамту шараларының да сылбыр атқарылып, мүгедек балаларға арналған инклюзивті білім беру жүйесінің қолға алынбағанын, тіпті мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының да жиі бұзылатынын жаздық. Осы және басқа да заңбұзушылықтарды жан-жақты зерделеген облыстық Прокуратураның уәжін алға тарттық. Нәтижесінде бірнеше мәрте көтерілген мәселе оң шешімін тауып, коррекциялық оқытумен қамтылған балалардың саны артып, облыстың 669 мектебінде ерекше балаларды оқыту үшін барлық жағдайлар жасалды.

***

Атап өткен жетістіктер тек бізге белгілісі ғана. Яғни, оқырманның өзі қоңырау шалып хабарлаған нәтижелер. Дегенмен, олардан басқасы да жетерлік деп ойлаймыз. Күнделікті газет редакциясының телефонына тыным таптырмайтын оқырмандарымыз көбінесе зейнетақы мен жәрдемақыға және еңбек қатынасына қатысты сауалдарын жолдап жатады. Ал оқырман көкейіндегі сауалға тұшымды жауап іздеген газет тілшілері құзырлы мекемелерге хабарласып жауап алып, газет бетіне жариялайды. Жеке басқа қатысты сауал болса да кейбір сұрақтар дүйім жұрттың мәселесін шешіп жататыны өтірік емес…

Азамат ТЕМІРБЕКОВ