2017 жылы ШҚО-да қанша көлемде дәнді-дақылдар мен көкөніс түрлері себілді?

611
көрілім

Биыл егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 46 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Аягөз, Бородулиха және Тарбағатай аудандарындағы егіс алқаптарын саяқ шегірткелерден қорғау мақсатында облыстық бюджеттен 10 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Қыс азығын жаз жина

Бүгінгі таңда 2017 жылғы көктемгі егіс науқаны ресми түрде аяқталды.

— Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жедел ақпараттарына сәйкес 2017 жылғы егіс алқаптары 1 346,9 мың гектарды құрады, оның ішінде жаздық егіс алқабы 1 086,7 мың, күздік дақылдар егістігі 35,9 мың, ал өткен жылғы көпжылдық шөптер 224,3 мың гектарды құрады, — дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Владимир Хачехпарович. — Дәнді дақылдар алқабы 569,5 мың, ал көкөністер 8,73 гектарды құрады. Биыл егіс алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 46,2 мың гектарға ұлғайды.

Құзырлы мекеменің берген жауабына сүйенсек, жазғы егіс көлемі бойынша Бородулиха, Көкпекті, Үржар, Ұлан, Шемонаиха, Зырян және Глубокое аудандары алға шығып отыр. Оның ішінде бидай мен сұлы егуден Бородулиха ауданы оза шапса, арпа егуден Көкпекті ауданы алға шықты. Ал, бұршақ пен ноқатты Шемонаиха ауданы көп септі.

Тең жартысын төлейді

— 2017 жылы егіс алқаптарын саяқ шегірткеден қорғау мақсатында «Ауылшаруашылығы дақылдарының зиянкестерімен күрес жүргізу шаралары» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 10 643,9 мың теңге қаржы бөлінді, — дейді Владимир Гайламазян. — Өңдеуге жататын жер көлемі 4,6 мың гектарды құрайды. Оның ішінде Аягөз ауданында 100, Бородулиха ауданында 4000, ал Тарбағатай ауданында 500 гектар алқап өңделеді. Биылғы жылдың сәуір айында аталған бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, осындай қызмет көрсететін мекемемен келісім-шарт жасалды. Бүгінгі таңда өңдеуге жататын 4 600 гектар егіс алқабы түгелдей зиянкестерге қарсы өңдеуден өтті.

Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілінің айтуынша, шаруалар тыңайтқыштарды «Тыңайтқыштар құнын субсидиялау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 50 пайызға арзандатылған құнмен сатып ала алатын көрінеді.

— Аталған бағдарлама «Тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Ол үшін шаруа қожалықтары аталған қағиданың қосымшасына сәйкес өтінімді толтырып, аудандық ауылшаруашылығы бөліміне тапсырады. Жергілікті бөлімдер отандық тыңайтқыштарды өндірушіден арзандатылған құнмен тыңайтқыш сатып алған кезде мақұлданған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тиесілі субсидиялар төлеу туралы өтінімдердің тізімін жасап біздің басқармаға тапсырады. Ал Ауыл шаруашылығы басқармасы өз кезегінде төлем жүргізеді.