2019 жыл еліміздің көлік жүргізушілері үшін қандай өзгерістер әкелмек?

443
көрілім

Биылғы жылы автокөлік жүргізушілерін бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Атап айтқанда, электронды сақтандыру, көлік құралының төлқұжаты, төлемдер мен айыппұлдардың жаңа бағасы. Бұл енгізілген жаңашылдықтардың себебі неде және ол жүргізушілерге не әкелмек, міне осы сұрақтардың түйінін газет тілшісі тарқатып көрген еді.

Электронды түрде жүргізіледі

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөлікті міндетті сақтандыру электронды түрде жүзеге асырылуда. Шартты электронды түрде жасасу мүмкіндігі міндетті сақтандырудың барлық түрлері бойынша енгізілген. Онлайн-сақтандыру іске қосылғаннан бастап міндетті сақтандыру шарттары бойынша қағаздағы полистердің айналысы жойылды. Жүргізушілерге сақтандыру полисінің нөмірі ұялы телефонға хабарлама арқылы келіп түседі. Ал жол сақшылары сізді тексерген кезде ЖСН-іңізді Ішкі істер министрлігінің дерекқорына жіберу арқылы сақтандыру полисінің бар-жоқтығын анықтайды.

Десе де осы жылы көлігін сақтандырған жүргізушілердің санасын торлаған сауалдары да жоқ емес. Олардың айтуынша, сақтандыру агенттерінің сақтандыру көшірмесін қағазға шығарып беретіні бар. Бұның себебін сақтандыру компаниясының қызметкері түсіндіріп берді:

– Бұл негізінен жүргізуші өз полисінің нөмірін жоғалтып алмауы үшін жасалады. Телефондар жоғалып немесе сынып қалуы мүмкін. СМС хабарламаның өшіп қалуы да ғажап емес. Міне осындай кезде полис көшірмесі жүргізушінің жүгін жеңілдетеді. Сонымен қатар алыс жолға шықсаңыз жол-патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатса телефон желісі ұстамай тұрғанда қажет болады. Полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін сізді 1 сағатқа дейін ұстауға құқылы екендігін естен шығармаңыз. Сондықтан полис көшірмесін өзіңізбен алып жүргеніңіз әсте дұрыс.

Уақыт өте келе барлық цифрлық дерекқорлар біріктірілетін болса, әрбір азамат коммуналдық қызметтерді телефон арқылы төлейтіні сияқты сақтандыруды да смартфондағы қосымшамен рәсімдеуге мүмкіндік алады. Бірақ бүгінгі таңда жүргізушілердің мағлұматтарын дерекқорға сақтандыру агенттері ғана жібере алады. Ал бұдан былай сақтандыруды қолдан 2000 теңгеге сатып ала алмайтыныңыз анық. Себебі бөгде адамның дерекқорға кіретін құзыры болмайды.

Айта кету керек, көлік иесі өзінің көлік құралын жүргізетін барлық адамдар жайлы мәліметтерді электронды сақтандыру полисіне енгізе алады. Тексеріс барысында бұл ақпарат жол сақшысына да қолжетімді болады. Осы ретте жүргізушілерді мазалайтын тағы бір сұрақ: жаңа форматтың енгізілуі сақтандыру полисінің құнына әсер ете ме? Бұның жауабы: жоқ, әсер етпейді. Ал бағаның өзгеруі жаңа жылдан бастап АЕК мөлшерінің артуына тікелей байланысты.

Ең бастысы, әрбір жүргізуші қаперінде ұстауы қажет: сақтандыру полисі жол үстінде өзіңізбен болмаса ешкім де сізге айыппұл сала алмайды.

– Жол жүру ережесінің 2.1.1 тармағында жазылғандай (жол-патрульдік полиция қызметкері көлікті тоқтатып тексеріс жүргізген кезде жүргізушінің көрсетуі тиіс құжаттар тізімі) сақтандыру полисін өзіңмен бірге алып жүру міндетті емес, – дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ирина Лукьянина, – Жүргізуші куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, егер заңды тұлға болса жол парағы болуы қажет. Техникалық тексеруден өткендігі жайлы құжатты өзіңмен бірге алып жүру қажеттігінің алынып тасталғанына да 2 жыл болды. Себебі ол электронды түрде сақталады.

Жаңа құжат жасалмақ

2019 жылдың шілде айынан бастап көлік құралдарының төлқұжаты рәсімделе басталмақ. Бұл жоба жайлы шенеуніктердің сөз қозғағанына бірталай уақыт өтті. Алайда оның жүзеге асырылуы ұзаққа созылып кеткен еді. Енді 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап көлік құралдарының төлқұжаты (шасси көлік құралдарының төлқұжаты деп те атайды) рәсімделе басталады.

Көлік құралының төлқұжаты – техникалық төлқұжат емес. Қазіргі таңда ҚР ІІМ беретін техникалық құжат пен көлік құралын тіркеу туралы куәлік көліктердің жол қозғалысына қатысуына мүмкіндік беруге негіз болады. Заңға сәйкес техникалық құжатыңыз болмаса, сіз көлікті өз аулаңызда тұрақтата аласыз, ал көлікпен жолға шығу үшін аталған құжат міндетті түрде керек болады.

Көлік құралдарының төлқұжаты автокөліктің шыққан жылы немесе ЭАЭО аумағына әкелінген жылы, габариті, салмағы, қозғалтқыш көлемі және тағы басқа мәліметтер енгізіледі. Сонымен қатар аталмыш құжатта:

  • көлік құралының иесі жайлы ақпарат;

  • техникалық тексеріс;

  • шектеулер, автокөліктің қатысуымен болған ЖКО (уақыты, орны, зақымдалу сипаты, одометр көрсеткіші);

  • орындалған жөндеу жұмыстары (қайда, қашан, жөндеу жұмысының атауы мен түрі) туралы ақпараттар көрсетіледі.

Жөндеу жұмыстарынан бөлек, басқа қосымша мәліметтердің барлығы міндетті түрде толтырылуы тиіс. Құжатта берілген ақпараттың шынайы болуы үшін деректер базаға уәкілетті органдардың (ҚР ІІМ, ҚР ИДМ-нің Көлік комитеті, ӘМ және т.б.) ақпараттық жүйелері арқылы енгізілетін болады. Жеке деректер тек көлік иесінің келісімімен енгізіледі.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мамандарының айтуынша, электронды КҚТ Еуразия экономикалық одағының барлық аумағында жарамды болады. Ережелер жобасында электронды төлқұжаттардың рәсімдеу құнын 4 500 теңге шамасында бекіту жоспарланып отыр (аталған сома төмендетілуі немесе АЕК-ке байланысты болуы мүмкін). Ал КҚТ-ға өзгертулер енгізу үшін шамамен 3 300 теңге төлеу керек.

Жүйе енгізілгенге дейін қолданыста болған автокөліктерге электронды төлқұжат қайта рәсімдеу кезінде беріледі. Ақылы түрде, әрине. Көлік жайлы ақпараттың барлығы техникалық төлқұжаттардың ұлттық операторының базасында сақталады және темір тұлпардың иесіне арнайы бланкіге жазылған үзінді көшірме түрінде беріледі. ҚР ИДМ қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі сәтте көлікке қатысты мәліметті үшінші тұлғаға (мысалы, олар көліктің қашан елге кіргізілгенін, жол-көлік оқиғаларына қатысы барын анықтай алуы үшін) беру мүмкіндігі де қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл ақпаратты электронды қолтаңба көмегімен сұраныс беру арқылы ақылы түрде алуға болады деп жоспарланып отыр. Алайда оның нақты бағасы әлі белгісіз.

Бақылау күшейді

2019 жылы жол жүру ережелерінің бұзылуын бақылайтын бейнекамералардың саны артуда. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Өскемен қаласының өзінде 1228 бейнекамера орнатылмақ.

Шығыс Қазақстан облысының Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың мәліметіне сүйенсек, 74 қиылыста 888 камера, 85 жол бойында 340 камера пайда болады. Осыған дейін іске қосылған бейнекамералар да ортақ жүйеге қосылады.

Осы орайда, көлік жүргізушілерінде заңды сұрақ туындайды: «Сергек» жүйесі қандай ереже бұзушылықтарды түсіреді? Бір камераның жазбасына іліккен жүргізуші жылдамдықты арттыру, сақтандыру мен техникалық тексерістің болмауы сынды бірқатар жол жүру ережесінің баптары бойынша жазаға тартыла ма? Себебі барлық дерекқорлар бір жүйеге біріктірілген.

– Камералар тек жылдамдықты арттыруды және бағдаршамның қызыл түсінде қиылыстардан өтудің ережелерін бақылайды, – деп түсіндірді Ирина Лукьянина, – Басқа қалаларда қоғамдық көлікке арналған жолаққа шығып кету де қадағаланады. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасалып таралған ақпаратта – азаматтар өздері куә болған әкімшілік құқықбұзушылықты фотосуретке немесе бейнежазбаға түсіріп, салынатын айыппұлдың 40%-ын ала алады делінген еді. ІІМ-нің ресми өкілі мұндай жобаның барын растады, бірақ ол әзірге тек жоспарда ғана. Сыйақы мөлшері де нақты бекітілмеген. Ал жеке пайдасы үшін емес, заңбұзушылықтың азаюын мақсат еткен адамдар қазірдің өзінде осындай қадамға бара алады. Өз айғақтарыңызды ҚР ІІМ министрінің блогына, ІІМ сайтына немесе facebook парақшасына жіберуге болады. Бір ескере кететіні, фотосурет пен бейнежазбалардың түсірілген нақты уақыты көрсетілуі қажет. Заңбұзушылықтың шектеу мерзімі – екі ай. Өткен жылы болған әкімшілік құқықбұзушылықты жіберудің маңыздылығы жоқ.

Айыппұл мөлшері артты

Биылғы жылы жол ережесін бұзған жүргізушілер айыппұлдың өскенін байқады. Бұл өзгеріс негізінен АЕК мөлшерінің артуына орай туындаған.

– Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексте көрсетілгендей, айыппұл мөлшері тікелей АЕК мөлшеріне байланысты, – дейді Ирина Лукьянина, – Бұл тек қана жол жүру ережелерінің бұзылуына қатысты емес. Егер АЕК өткен жылмен салыстырғанда 4,5%-ға өссе, салынатын айыппұл да дәл осылай көтеріледі. 2019 жылы АЕК мөлшері 2 525 теңгені құрап отыр.

Егер жүргізуші ережені бұзған болса, оған жақын маңдағы банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Төлемді eGov.kz порталымен онлайн жасауға болады. Бұл қызмет «Касса 24» терминалдары арқылы да қолжетімді. Сонымен қатар азаматтар айыппұлды оқиға орнында төлеуге құқылы.

– Қазір мыңдаған полиция қызметкерлеріне POS-терминалдар берілді, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің өкілдері, – Осы арқылы жол-көлік ережелерін бұзғандар бірден сол жерде айыппұлдарын төлей алады. Аталмыш әдісті қолданған адамдарға айыппұл түбіртегін құқық қорғау органдарына апарудың қажеті жоқ.

Кейбір қазақстандықтар өтелмеген айыппұл берешегі болғаны үшін шетелге шыға алмай қалған. Осындай жағдайда қалай әрекет ету керек?

– Егер ел шекарасынан шықпақ болған азамат өзінің төленбеген айыппұлы бар екендігін білсе, әр әуежайда орнатылған арнайы «Қазпошта» терминалдары арқылы төлем жасай алады, – дейді ІІМ мамандары.

Біздің анықтама

2018 жылы еліміздің көлік жолдарында 2000-нан астам адам қаза болған. Оның ішінде – 200 бала. Жүргізуші мен жолаушылардың әр түрлі дене жарақатын алуына әкеліп соққан 15 821 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосурет: ашық дереккөз