Келесі жылдың 1 шілдесінен бастап ауыр және аса ауыр қылмыстан зардап шеккендерге мемлекеттік қордан арнайы төлемақылар беріле бастамақ. Адамдар сот шешімі шыққанға дейін өзіне тиесілі ақшаны алуы мүмкін. Белгілі соманы алуға сотқа дейінгі анықтау нәтижелері жария болса болғаны. Аталмыш жаңашылдық жайын хабарлаған Шығыс Қазақстан облыстық соты кімге қанша сома көлемінде көмек көрсетілетінін айтып берді.
"Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заң жобасы 2018 жылдың қаңтар айында қабылданған болатын. Өткен жылдың шілде айынан бастап шоттар ашылып, оларға қаражат жинала бастады.
- Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мәселесінің пісіп-жетілгеніне көп уақыт болды, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сотының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бойынша үйлестіруші судьясы Назгүл Рахметуллина. - Кейбір жағдайларда азаматтар сотталған адамдардан келтірілген моральдық және материалдық зиян өтемақысын ала алмай жатады. Өйткені түзету мекемелерінде сотталушыларға көп жағдайда жұмыс істеу мүмкіндігі болмай жатады. Бұл әсіресе максималды қауіпсіз түзету мекемесіне ұзақ жылға жабу үкімі кесілген жағдайларда тіптен қиындай түседі.
Заң жобасына сәйкес көмек барлық жәбірленушіге бірдей дерлік беріле бермейді. Атап айтсақ:
1) сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер болып табылатын кәмелетке толмағандарға, адам саудасымен және азаптаулармен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілер деп танылған адамдарға. Мұнда сонымен қатар жезөкшелікпен мәжбүрлеп айналыстырған кәмелетке толмағандар да кіреді;
2) денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдарға;
3) жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленуші құқықтары берілген адамдарға.
Қалған жәбірленушілер мемлекет тарапынан өтемақы алуға үміт арта алмайды.
Тағы бір ескере кететін жайт, бұл қылмыскердің қылмысының құрбанына айналған адамға төлейтін моральдық және материалдық зиян сомасы емес. Бұл қылмыскердің айыппұл мен басқа санкциялардан бөлек, мәжбүрлі түрде төлейтін өтемақысы.
"Қылмыстық теріс қылықтар үшін – 5 АЕК, онша ауыр емес қылмыстар үшін – 10 АЕК, ауырлығы орташа қылмыстар үшін – 15 АЕК, ауыр қылмыстар үшін – 20 АЕК, аса ауыр қылмыстар үшін – 30 АЕК мөлшерінде өндіріп алады", - деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 98-2-бабында.
Бұдан бөлек, қордағы қаражат мөлшері өз міндетін орындамайтындар және сот залындағы тәртіпті бұзғандар есебінен ұлғая түседі.
Өтемақы алуға өтінішті сот күдіктінің кінәсін анықтағаннан кейін үш жыл көлемінде беруге болады. Егер ақша тез арада қажет болса, оны сотқа дейінгі анықтау шаралары аяқтала салысымен алуға болады. Ол үшін қылмыстық қудалау органдарына өтініш түсіру қажет. Жәбірленушілерге берілетін өтемақы көлемі жасалған қылмыстың деңгейіне байланысты 30-дан 50 АЕК-ке дейінгі аралықта болады. Төлемақы өтініш қаралған соң он күнтізбелік күннен кешіктірілмей төленеді.
- Әрине бұл сома барлық шығынның орнын толтыра алмасы анық. Бірақ ол қайтыс болғандардың жерлеуге кететін шығындарды жабуы мүмкін, - деп қосты Назгүл Мәуліханқызы.
Сондай-ақ заңжобасында кейбір жағдайларда жәбірленушілерге өтемақы төлеуден бас тартылу жағының да қарастырылғанын естен шығармаған жөн. Бұл кінәлі адам моральдық және материалдық шығындардың орнын толтырған жағдайда болуы мүмкін. Тағы бір ескере кетерлік жайт, егер аппеляциялық сот шешімімен сотталушы кінәсіз деп танылса, төленген өтемақыны қайтаруға тура келеді. Сот моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы шешім шығарарда жәбірленушінің мемлекет тарапынан алған сомасын да назарға алатын болады.
Сотталушылар аталмыш қорға ақшаны өткен жылдың ортасынан аудара бастаған болатын, алайда жәбірленушілер бұл қордан өтемақыны 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап ала бастайды.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: АШЫҚ ДЕРЕККӨЗ