2020 жылы балаларға арналған тегін дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілмек

369
көрілім

Қазір бұйрық жобасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жүзеге асырылу кезеңінде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өткен жылдың желтоқсан айында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында балаларға арналған тегін дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілетіндігі жайлы ақпарат тараған еді. Педиатрдың нұсқауымен оларды кез келген дәріханалардан сатып алуға болады.

– Кәмелеттік жасқа толмаған балалар дәрілерді тегін алатын болады. Тегін дәрілер қатарына ыстықты түсіретін және гистаминге қарсы препараттар жатады. Емханаларда олардың рецебі беріледі. Біздің дәріханаларда да ата-аналар балалары үшін оларды қайтарымсыз ала алады. Біреулер үшін дәрі-дәрмек алу аса қиындық тудырмағанымен екіншілерінің қалтасы көтермей жатады. Ал 2020 жылдан бастап дәрілік препараттар тегін беріледі, – дейді «СК-Фармация» ЖШС төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп.

Аймақтағы әлеуметттік медициналық сақтандыру қорындағылар бұйрық жобасы қазір еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің талқылауында екендігін жеткізді. Дәрі-дәрмектердің тізімі бекітілмегендіктен нақты атауларын айту мүмкін болмай тұрған көрінеді. Десе де өңірдегі ӘМСҚ филиалындағылар жағдайды бақылауға алу үшін арнайы механизм құрылғандықтан бұл орайда дәрі-дәрмек тапшылығы болмайтындығын алға тартты.

– Тапшылық болдырмас үшін амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін ұйымдар дәрілер қажеттілігін анықтау және оларға уақтылы тапсырыс беру үшін ойластырылған алгоритммен жүріп отырулары тиіс, – дейді аймақтық қор өкілдері.