Мақалалардың реттілік тәртібі толыққанды сақталмаса да барынша дұрыс, мағыналық тұрғыда байланысын сақтауға тырыстық. Журналист жазған мақала ертелі-кеш шешімін тауып жатса автор үшін одан асқан қуаныш пен жетістік жоқ шығар, сірә. Бірнеше мәрте сұраухат жіберіп, әдепкі жұмыс күндеріне төбеден жауар бұлттай түнере жеткен ресми хаттардан зығырданы қайнап, жауап беруден жалыққан шенеуніктер мен басшылардың сылбырлыққа салынған сәттері де аз емес. Дегенмен сұраухатқа бастысы ресми жауап беріліп, кейін мәселе сипатында газет бетіне шыққан мақалалар іс жүзінде шешімін тауып жатады. Өткен жылы тарих қойнауына жібере отырып, Тышқан жылы оқырмандар қойған сауалға жауап тауып, мәселенің шешімін табуына негіз болған бірқатар мақалаларды ұсына кетуді жөн көрдік.
Жалақылары төлене бастады
Өткен жылдың мамыр айында республика көлемінде Төтенше жағдай режимі енгізіліп, ел-жұрт ес жиюға мұршасы болмай, «енді не болады?» деп елең-алаң болған еді. Араға ай салып, сәуір айында мемлекет бойынша жәрдемақы тағайындалып, оған бірқатар талаптар ескеріле отырып, табысынан айырылған, көпбалалы, аз қамтылған жанұялар, міндетті зейнетақы жарнасы аударылған жандар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және тағы басқалары қол жеткізген-тұғын. Осы кезде Аягөз қаласындағы балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығында да жағдай шатқаяқтай бастаған еді. Оның алдында республика көлемінде қызу талқыға түскен төрт баланың өлімі, науқастарға тиісті жағдайдың жасалмауы, асханадағы қауіпсіздік шараларының сақталмауы сынды олқылықтар облыс басшылығы тарапының бақылауына алынған болатын. Аталған орталық мамыр айының 1-нен бастап толыққанды жұмыс кестесіне көшкендерімен, шілде айының 7-нен бастап қайта карантинге жабылған-ды. Бұдан іле тұрақты оқырмандарымыз осы мәселені көтеріп, газет редакциясына қоңырау шалды. Жоғарыда көрсетілген мәселелерді айта келе, орталық қызметкерлеріне берілетін 42500 теңгеден зейнетақы қорына ұстап қалып, қолдарына 37-38 мың теңгенің айналасында жалақы тиетіндігін жеткізді. Қаладағы өзге әлеуметтік мекемелерде жалақы төңірегінде еш қиындық туындамағанымен, орталықтағылар ақысыз еңбек демалысына жіберілген соң түсінбеушіліктердің болғандығын алға тартты. Аудан әкімінің орынбасары ең төменгі жалақы барлығына бірдей төленеді деп сендіргенімен, нәтижесі байқалмады. Осы ретте аудан әкімдігіне сұраухат жіберіп, мәселенің мән-жайына үңіліп көрдік. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Оралғайша Рахметова жауап беріп, қызметкерлермен болған келеңсіздікті рет-ретімен баяндап, мәселенің ара-жігін ажыратып берді. Ұзын сөздің қысқасы: мекеме тарапы наразылық білдіріп, жалақы мәселесін қозғағандарға басқандай (аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға маска тарату, қарттар мен мүгедек жандарға сауалнама жүргізу және т.б.) жұмыс түрлерін ұсынып, жалақының толыққанды төленетіндігін мәлімдеді. Ізін суытпай орталық қызметкерлері байланысқа шығып, шынымен де мәселенің шешімін таба бастағандығын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Қоқысын шығарып, шөбін шапты
Тамыз айында Сәтпаев даңғылындағы бірнеше мәселені қамтып, тұрақты оқырмандарымыз қоңырау шалды. Нақты айтсақ, ыбырсып жатқан қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар Сәтпаев даңғылы 9, 11, 13/1, 13/3, 13/4 мекенжайында уақтылы шығарылмай, тұрғындар жағымсыз иістен әбден мезі болған. Бір емес бірнеше жердегі түйіткілден хабардар болған соң қала әкімдігіне сұраухат жібердік. Ресми хатқа жауап іздегендердің жайбасарлыққа басып, тым асықпай жауап бергендері рас. Жаз айларында ауланың арам шөптен тазартылмауы себепті балалардың бірнеше мәрте жарақат алып қала жаздағандықтары, ойын алаңының тозығы жеткендігі шынымен-ақ өзекті еді. Қуаныштысы сол, қала басшысы Жақсылық Омар мәселеге дер кезінде назар аударып, сылбырлық танытқан ПИК басшысына пәрмен берді. Әрі қарай жұмыстың аяқталауын сол кезде шаһар басшысының орынбасары болған Тамара Рахимжанова қадағалап, жылда тұрғындарды әлекке түсіретін арашөпті шауып, аталған мекенжайлар бойынша аулаларды қоқыстан тазартқан.
Жолдар үйіндіден тазарды
Иә, шынымен де аудан әкімдері үшін осы мәселе тым артық жұмыс, редакция тарапынан тырнақ астынан кір іздегендей көрінгені белгілі. Дегенмен тағы бір айта кеткен әбестік болмас, ауыл атауы жазылған тақтайшадағы фонның ауыстырылмауы сол елді мекен құжатының дұрыс еместігін аңғартады. Жол бойындағы емес, шеткерірек, жекелей қоныс тепкен елді мекендерге кіре бере ақ фонға жазылған болса, онда құба-құп. Алыстан ағып келе жатқан жүргізушілер жылдамдықты тежеп, тұрғындарды қағып кетпеудің қамын ойлаулары тиіс. Ал Көкпекті ауданына қарасты Көкжыра ауылында талай жылдан бері бұл жағы ескерілмей, округ, аудан әкімдігі тарапынан нақты бір жұмыс атқарылмаған болатын. Бастапқыда округ әкімдігі шілде айы аяқталмай фондағы жазуды өзгертеміз деп, онысын қыркүйекке дейін созбалаңға салды. Ауылға қатысты өзге де сауалдарды қамтып, тағы бір мәрте сұраухат жібергенімізден соң ғана қозғалды. Құлынжон ауылдық округі әкімдігінің өкілдері тақтайшадағы жазудың ақ фонға жазылғаны жөнінде ресми хат жолдап, ауылдың құжатын реттеген еді. Көкжыра ауылынан алыстамай, су құбырын тарту жұмыстары кезіндегі келеңсіз жайттардың бірқатарының шешімін тапқандығын айта кеткен жөн. Алдымен сол уақытқа дейін кетеуі кетпей, сапасы сыр алдырмай тұрған ауылішілік тасжолдың үйінді астында қалып қоюы тұрғындар наразылығын тудырған еді. Мақала жарық көріп, әлеуметтік желілерде тарала бастаған соң аудан басшысы Серікқазы Құсайынұлының тапсырмасына сәйкес мердігер ұйым үйіндіні тегістеп, жолдарды бұрынғы қалпына келтірді. Одан бөлек, жаз айларында бірнеше көшенің жарықтандырылып, ауыл шетіндегі көпір құрылысының да жоспарға енгізілгенін аудан әкімі ауылға атбасын тіреген сәтте мәлімдеді. Одан бөлек, қара күзде мектеп орналасқан көше бойында ұзындығы 200 метрдей жерге асфальт төселді.
Тақтайшадағы жазу өзгерді
Ауыл атауы жазылған тақтайшадағы жазу Ұлан ауданы Ұлан ауылында да қате болатын. Ол туралы бірден аудан әкімдігіне сұраухат жіберіп, жауап та бірнеше күн ішінде берілді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов тиісті қаражат бөлінген соң жазу бірден өзгеретіндігін жеткізді. Бұдан соң аудандық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санат Бустакбаев та өз жауабын беріп, оның алдында «с.Уланка» деп тұрған жазудың қыркүйек айының 25-не дейін түзетілетіндігіне сендірген-тұғын. Иә, тұрғындарға Шымқора деген атаумен үйреншікті елді мекеннің атауы бір шетінде қазақша, кіреберісінде орысша жазылып тұрғандығы өрескелдік емес пе? Әйтсе де аудан басшылығындағылар мұны реттеуге әсте асықпады. Бөлім басшысы сұраухатта берген жауабынан тайқып, уақтылы орындамай, араға бірнеше ай салып барып іске көшті. Мейлі, өгізаяңға басса да құжатты ауыстырды. Бұл жерде мәселе газеттен бұрын Buqara.kz сайты арқылы шешімін тапқандығын айта кеткен орынды.
Аялдама аз уақытта қалпына келтірілді
Бәз-біреулер Кеңес Одағының батыры, мерген қыздың есімі берілген көше бойындағы жылы аялдамада ойран салып, әйнегін сындырып, есігін жұлып тастады. Себебін болжап айту қиын, ащы су ұрттаған жанкештілер күш-қуатын қайда жұмсарын білмей, өзара айқасқа түсті ме, әлде біреудің өздігінен ашуы келіп, сабыр суы сарқылды ма екен… әйтеуір әп-сәтте аялдаманың көркін қашырды. Оқырмандар байланысқа шығып, келеңсіз жайт болған мекенжайды айтты. Бұл жерде де бірнеше сауалды қамтып, қала басшысы Жақсылық Мұқашұлына ресми хат жолданды. БАҚ заңына сәйкес жауап межелі уақытында келіп, жағдайдың бақылауға алынғандығы туралы ақпар алдық. Жауап берген қала әкімінің орынбасары Арман Искаков.
– Өскемен қаласы әкімдігінің «Таза Өскемен» мердігер ұйымы мен қалалық полиция департаменті тізе қосып, осы мәселені шешуді қолға алды. Алдағы уақытта қиратылған аялдаманы қала әкімдігіне қарасты «Таза Өскемен» ұйымы қалпына келтіретін болады, – деді ол.
Иә, қала басшылығы бұл жолы дер кезінде қимылдап, Әлия Молдағұлова атындағы көше бойында орналасқан аялдаманы сағызша созбай, тез арада жөндеді. Мұны мәселені жеткізіп, бауыр еті баласы сыртта жаурап тұрмасын деп қам жеген ата-аналардың бірі хабарласып айтқан болатын.
***
Жаңа жылда қандай жайттар болып, оқырмандар тарапынан қандай мәселе көтерілетіндігін болжап айту мүмкін емес. Тек айтарымыз, сан соқтырар сәтсіздіктер емес, әр жанұяда береке-бірлік пен тұрақтылық болғай. Қандай да бір мәселе туындаса журналист тұрғысынан үңіліп, жауабын табуға ұмтылу әманда жалғаса түспек.
Әділхан ЕСІМХАНОВ