Премьер-министрдің бірінші орынбасары және Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, 2020 жылдан бастап арнайы салық режимін қолданатын шағын бизнес өкілдері кіріс салығын төлеуден босатылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- 2020 жылдың басынан бастап арнаулы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері үш жыл мерзімге салық төлеуден босатылады. Жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бұл тізімге жатпайды, - деп мәлімдеді Қаржы министрі үкімет отырысында.
Сонымен бірге үш жыл бойы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілуде. Кедендік, салықтық тексерулер, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің талабы бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулер ерекше жағдай болып табылады.
Әлихан Смайылов микро және шағын бизнес субъектілері үшін онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды пайдалану, кіріс-шығыстардың есебін кезең-кезеңімен жүргізу және салық есептілігін ұсыну өте маңызды екенін айтып өтті.