2020 жылы зейнетақы қаншаға өседі?

447
көрілім

«2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» жаңа заңда зейнетақы төлемдерінің мөлшері өседі. Нақты айтсақ, базалық зейнетақы 5 пайызға, ынтымақтастық зейнетақы 7 пайызға артады.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда зейнетақы 3 компоненттен тұрады: базалық төлем (еңбек өтіліне байланысты есептеледі), ынтымақты зейнетақы (1998 жылдың 1 қаңтарынан басталған еңбек өтіліне қарай) және жинақтаушы зейнетақы (зейнетақы шотында жиналған сомаға орай).

Базалық зейнетақы

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлеу тәртібі өзгеріске ұшырап, оның деңгейі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты анықталатын болды, яғни 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жұмыс өтілі мен 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі кездегі міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңі назарға алына бастады. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем не мүлдем болмаған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызы тағайындалады. Ал 10 жылдан асатын болса әр жылына 2%-дан қосылып отырады. 2020 жылдан бастап базалық төлем 16 839 теңгені құрамақ, бұл биылғыдан 802 теңгеге көп. Осылайша, зейнетақының аталмыш бөлігі 5 пайызға артады (Толығырақ кестеде).

Ынтымақты зейнетақы

Зейнетақының бұл түрі келер жылы 7 пайызға өспек, яғни зейнетақыңызға 2 528 теңге қосылады. Сөйтіп ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері 38 636 теңгені құрайды (2019 жылы 36 108 теңге болған). Өзіңіздің ынтымақты зейнетақыңызды есептегіңіз келсе, өткен жылғыдай оның көлемін 1,07 коэффициентіне көбейтесіз.

Мысалы егер сіздің ынтымақты зейнетақыңыз 53 500 теңгені құраса, жаңа жылдан кейін оның мөлшері 57 245 теңгеге өседі.

Ал міндетті зейнетақы төлемдері енгізілгенге дейін зейнеткерлікке шығып үлгергендерге ең төменгі зейнетақы мөлшерін есептеу үшін базалық (16 839) және ынтымақты (38 636) компоненттерді бір біріне қосу керек. Сонда оның көлемі 55 475 теңге құрайды.

Жинақтаушы зейнетақы

Зейнетақы төлемінің үшінші бөлігі – жинақталған қаражат. Оның көлемі әр зейнеткерге әр түрлі белгіленеді. Себебі ол сіздің жеке зейнетақы шотыңызда жиналған сомаға байланысты. Ай сайын еңбекақыңыздан 10%-ы ұсталынып, БЖЗҚ-ға аударылып отырады емес пе? Міне бұл сол ақша. Айтпақшы, әлі зейнеткерлікке шықпағандар БЖЗҚ-ның сайтындағы «жеке кабинетіне» кіріп, ондағы зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақысының мөлшерін есептей алады. Тым болмаса, қор қызметкерлеріне хабарласып, анықтауға болады. Жинақтаушы зейнетақының ең төменгі мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын, яғни 16 839 теңгені құрайды.

20 жыл еңбек өтілі бар, базалық төлеммен қосқанда 72 972 теңге зейнетақы алып келген адам, жаңа жылдан кейін 7 пайыздық өсіммен қосқанда келесідей зейнетақы алады: ынтымақты зейнетақы (50 995 х 1,07)=54 565 теңге + еңбек өтіліне қарай есептелетін базалық зейнетақы 23 076 теңге (54 565+23 076)=77 641 теңге. Яғни зейнетақы мөлшері 4 669 теңгеге өседі.

Егер еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайыздық өсіммен қосқанда зейнетақы мөлшері келесідей болады: ынтымақты зейнетақы (71 024 х 1,07)=75 996 теңге + базалық зейнетақы 31 183 теңге (75 996 + 31 183)=107 179 теңге. Яғни зейнетақы мөлшері 6 457 теңгеге өседі.

Ерхан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ

Еңбек өтіліне байланысты төленетін базалық зейнетақы кестесі:

Еңбек өтілі

Базалық зейнетақы мөлшері

Жоқ немесе 10 жылға дейін

54% немесе 16 839 теңге

11 жыл

56% немесе 17 462 теңге

12 жыл

58% немесе 18 086 теңге

13 жыл

60% немесе 18 709 теңге

14 жыл

62% немесе 19 333 теңге

15 жыл

64% немесе 19 957 теңге

16 жыл

66% немесе 20 580 теңге

17 жыл

68% немесе 21 204 теңге

18 жыл

70% немесе 21 828 теңге

19 жыл

72% немесе 22 451 теңге

20 жыл

74% немесе 23 075 теңге

21 жыл

76% немесе 23 689 теңге

22 жыл

78% немесе 24 322 теңге

23 жыл

80% немесе 24 945 теңге

24 жыл

82% немесе 25 569 теңге

25 жыл

84% немесе 26 193 теңге

26 жыл

86% немесе 26 816 теңге

27 жыл

88% немесе 27 440 теңге

28 жыл

90% немесе 28 064 теңге

29 жыл

92% немесе 28 688 теңге

30 жыл

94% немесе 29 337 теңге

31 жыл

96% немесе 29 935 теңге

32 жыл

98% немесе 30 558 теңге

33 жыл және одан көп

100% немесе 31 183 теңге

Біздің анықтама

Ынтымақты зейнетақы немесе еңбек зейнетақысын есептеуде азаматтардың 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап кез-келген үш жыл қатарынан жұмыс істеген жылдары тапқан табысы назарға алынады. Сондай-ақ ынтымақты зейнетақының көлеміне 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі уақыттағы еңбек өтілі де ықпал етеді. Осы себепті толық ынтымақты зейнетақы алу үшін ер адамдарда еңбек өтілі 25 жыл, ал әйелдерде 20 жылды құрауы тиіс.