2021 жылы «Алматы-Өскемен» тасжолының 200 шақырымы ашылады

535
көрілім
Шартты фотосурет

Облыста жол саласына 86 млрд теңге инвестицияланған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірде көлік жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайызға жеткен. Бұл туралы халық алдында есеп берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтты.

– 45,3 млрд теңге республикалық маңызы бар жолдарға, атап айтқанда «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» және «Қалбатау-Майқапшағай» жолдарын, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға бөлінді. Ал елді мекендер көшелерін жөндеуге 40,7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл республикалық маңызы бар жолдарды реконструкциялау жұмыстары жалғасуда, - деді ол.

2021 жылы «Алматы-Өскемен» және «Қалбатау-Майқапшағай» тасжолының 200 шақырымында жол қозғалысы ашылады. Аталған жолдар толықтай 2022 жылы пайдалануға берілмек, - деп атап өтті Даниал Ахметов.

– Бұдан бөлек, «Таскескен-Бақты» тасжолының 20 шақырымын реконструкциялау аяқталуда. Жоба іске асқаннан кейін Осинов асуын айналып өтіп, «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғастырылады, - деді Даниал Ахметов.

Осы жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 138 шақырымын жөндеу жұмыстары жалғасын таппақ. Сондай-ақ Өскемен қаласы мен Үржар ауылының әуежайларын қайта жаңарту, Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу жұмыстары жүргізіледі.