2023 жылы «Менің өлкем» газеті шешімін табуына ықпал еткен мәселелер

333
көрілім

Қаңтар туа өткен жылды қорытындылауды әдетке айналдырдық. 2023 жылы облыс, республика көлемінде көптің көңілін қозғап, назар аударған жайттар аз болмады. Газет редакциясы сол жаңалықтар мен өзгерістен шет қалмай, мәселені мақала деңгейіне жеткізіп отырды. Оның шешімін табуы-таппауы кейде шенеуніктердің іскерлігіне байланысты, кейде уақыт еншісінде. Көп түйткіл әлі де екі-үш жылдың еншісінде. Уәде орындала ма, әлде әкімдер мен басшылар орын ауыстырғанша солай айта ма, мүмкіндігінше бақылап отырамыз. Мәселені түгел шешпесек те, сең қозғалуына септігі тиген бірнеше мақаланы мысал етуді жөн көрдік.

«Шаңырақ» үшін шын қуаныш

Бір жылдай бұрын Риддердегі «Шаңырақ» атты жалғыз қазақ тілді мектеп туралы материал әзірледік. 1936 жылы іргетасы қаланған «Пионерлер үйінде» орналасқан ғимараттың кемшілігі бірнешеу еді. Тұрғындар кеншілер қаласында 1974 жылдан бері мектеп салынбағанын айтты. Ал «Шаңырақтың» өзінде асхана жоқ. Оны екінші бір ғимараттан тасып әкеліп береді балаларға. Жеткенше суып қалады. Айта кетерлік жайт, «Шаңырақтың» 1-ші ғимараты «Жеңіс даңғылы, 1», екіншісі «Безголосов 16» мекенжайында орын тепкен. Тұрғындар екіортада қатынап жүргенде қаршадай қызды көлік қағып кеткенін айтты. 2022 жылдың қыркүйегінде 600 орындық мектеп ашылғанда көпшілігі «Шаңыраққа» көшіреді деп үміт артқан болатын. Бірақ ол аралас мектеп ретінде білім береді.

Сайып келгенде, басылым осыған қатысты бірнеше мәрте қалам тартып, түйткіл Buqara.kz сайтына шығып, жан-жаққа бөлісілді. Қуанышқа орай, әр жақтан жазылған мақалалар түбі қуанышты жаңалыққа ұласты. Желтоқсан айының 27-сі күні Риддерде 600 орындық мектеп салу бойынша Казцинк компаниясы және облыс әкімдігі арасында меморондумға қол қойылды.

Жол қайта жөнделді

Редакциямызға Күршім ауданы Теректібұлақ ауылынан хабарласқан оқырман Жабаев көшесінен Сарқытбаев көшесіне түсетін жол биыл жазда жөнделгенін, алайда мердігер компания жолға қиыршық тастың орнына сары топырақ пен құм төккенін айтты. Соның салдарынан алғашқы жаңбыр жауа сала жол батпаққа айналып, көліктер арлы-берлі өте алмай, қайта-қайта батқан. Анық-қанығын білу үшін аудан әкімдігіне сұраухат жібердік. Олар «жолдың бұзылған жерлері қалыпқа келтіріледі» деп жауап берді. Сол сөздерінде тұрды да. Ауыл тұрғындарына қайта хабарласып сұрағанымызда олар «Сіздерге айтқаннан кейін мәселе шешілді. Ауыл әкімі мен жолды жөндеген компания өкілдері келді. Жолға қиыршық тас төседі. Қазір көліктер батпайды. Суөткізгіш құбырларды да орнатамыз деді. Көп рахмет!» деп жауап берді. Естіп, қуанып қалдық.

Көптің қалауы көпір еді

Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылы туралы бірнеше мәрте жаздық. Бозанбай мен Шымқораны байланыстырып тұрған жолдың мүшкіл жағдайы, жарығы тартылмаған көшелер, талай туристі тартқан «Салбурын» фестивалі және осы көпір мәселесі. Бұрынғы аудан орталығындағы оң өзгеріс көзге байқалмайды деп жиі шағым түскен-тін. Ал Абай мен Көктау (бұрынғы Новостройка) көшелерін жалғап тұрған көпір шынымен де қауіпті еді. Осы бойынша әкімдікке сұраухат жібердік. Былтыр наурыз айында аудан басшылығындағылар көпірдің ескіріп тұрғанын растады. Жіберілген сұраухат жауабына сүйенсек, Бозанбай ауылында 24 көше бар.

– Бұл кеңес одағы кезінде салынған көпір. Аталған мәселе бойынша биыл көпірді өз күшімізбен жөндеуді жоспарлап отырмыз. Абай көшесі жарықпен жартылай қамтылып тұр, 13 жарық желісі орнатылған, – деді аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасов.

Былтыр қазан айының ортасында ауыл тұрғыны Амангелді Қасенов қоңырау шалып, жергілікті жігіттер көпірді жөндеп жатқандарын айтты. Қарбалас тірлік әкімдік өкілдерінің пәрменімен қолға алынған көрінеді. Бозанбайлықтар осыны газет бетіне жариялап, көпке жеткізгені үшін басылым ұжымына алғыстарын білдірді. Шынымен септігіміз тисе, біз де бек қуаныштымыз.

Көкжырада жағымды жаңалық

Бірнеше жыл бұрын Самар ауданына қарасты елдімекенде бірінен соң бірі өзгеріс байқала бастады. Бірақ «Әр істі соңына дейін апарса екен» деген көптің тілегі толық орындалмады. Оның бір мысалы «Аймақ» бетінде көрсетілген. Негізі, Көкжырадағы фельдшерлік-акушерлік пункт, ауылға кіреберіс 3 шақырым жол, қараңғы көшелер, клуб үйінің жоқтығы және ауызсу мәселесі дүркін-дүркін жазылған кезде округ басшылығы да мүмкіндігінше әрекетке көшті. Ал жағымды тұсы сол, 2019 жылы орнатылған футбол қорабының жарығы былтыр іске қосылды.

Ресми дерек, бұл ауылдың оқушылары мен жастары ішімдік атаулыны татып алмайды. Кейбірі мектеп артындағы стадионда шынықса, бірқатары жарығы жанған футбол қорабында желдей жүйткиді. Одан бөлек, көшелерге гравий төгіліп, шұңқырлар тегістелді. Шыны керек, 30 жылдан астам уақыт атқарылмаған жұмыстың шеті шықты. Қазіргі округ әкімі алдағы екі жылда болатын оң өзгеріске қысқаша тоқталды. Оны алдағы уақытта толығырақ қамтымақпыз.

Титықтатқан талпақ танау

Тұрғындар мен биліктегілер тізе қосып, кәсіпкерге қарсы тұрды. Ондай да болады. Сәуір айында жиыны 30-ға тарта адам Лесхоз кентінде жиналып, наразылықтарын білдірді. Глубокое ауданына қарасты аумақта шошқа өсіретін ферманың астыртын жұмыс істеп отырғанын жеткізді. «Шошқа тезегі ауыл шетіндегі өзенге төгіледі» десе де, «Митин жеке кәсіпкерлігі» оған пысқырмаған көрінеді. Ауыл тұрғыны Ольга Савинова кезінде оның 8-10 талпақ танау ұстағанын айтты. Қысқасы, жағымсыз иіс Лесхоз, Степное елдімекендерін 20 жылдан бері қамтыған.

Мұны газет тілшісі екі-үш қайтара жазды. Бұның жолын кесуге облыстық Экология департаменті мен сот мүдделі болды. Кейін оған қатысты қала басшысы Жақсылық Омар да ресми ақпарат ұсынды. Оның сөзінше, бұған қала әкімдігі ықпал ете алса, онда 1-2 күнде шешуге болатын еді. Жалпысында, «Митин жеке кәсіпкерлігіне» қатысты соттың тағы бір шешімі шықса, істі толық жабуға жеткілікті десті. Шынымен де, осыдан соң бұл тақырып қайтып көтерілмеді.

Мал шаруашылығындағы мәселелер

Ашығын айтқанда, «Менің өлкем» газетінің әр санын қалалықтардан гөрі ауыл халқы күтеді. Сондықтан да басылым журналистері көбінесе ауыл жұртшылығына қызықты ақпараттарды қамтып, сондағы өзекті мәселелерді көтереді. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі – мал шаруашылығы. Бұл тақырыпқа қатысты жыл көлемінде бірнеше мақала жарияланды. Соның ішінде айтар болсақ, қыркүйек айында ШҚО шаруаларының қуаңшылықтың зардабын тартып отырғандығын, мал азығы аздығын жаздық. Одан кейін қарашада «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ШҚО филиалының атқарушы директоры Самат Қыдырмолдамен сұхбат құрғанбыз. Сонда мал шаруашылығындағы түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелері ашық көтерілген-тұғын.

Тек біздің емес, осы саладағы белсенді азаматтардың билік басындағыларға жеткізген жанайқайлары естусіз, ескерусіз қалмады. Әйтеуір, құзырлы басқарма аудан әкімдіктерімен бірлесіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді шаруалар мен ауыл тұрғындарына шөп шауып алуға берді. Мойындау керек, бүгінде мемлекет те бұл салаға баса мән беріп жатыр. Енді алдағы уақытта да қазақтың байырғы кәсібі – мал шаруашылығы дами берсе деген тілектеміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ