21-27 қазан аралығына арналған жұлдыз жорамал

576
көрілім

Тоқты
Жіберген ағаттығыңыздан әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз шиелінісіп кетуі мүмкін. Кейін өзіңізді кінәлі санамау үшін қайта-қайта кешірім сұраудан жалықпаңыз. Балаларыңыз қателіктерге бой алдырса, оларға ұрсып, жазғырудың қажеті жоқ. Қазанның 26-27 күндері табиғат аясына шығып серуендеп қайтыңыз.
Торпақ
Арманыңызды ақиқатқа айналдырудың орайлы сәті. Алдымен жуық арада қолға алатын жоспарларыңызды қойын дәптерге түртіп қойыңыз. Мақсатыңыздан айнытпаққа ниеттенген бәз-біреулердің азғыруына еріп кетпеңіз. Егер бұған төтеп берсеңіз кейін жолыңызды кес-кескейтіндердің саны азаймақ.

Егіздер
Әлдеқайдан шабыт пайда болып, бір істі қолға алғыңыз келіп тұрады. Қиялыңызға ерік беріңіз. Сонда көңіліңізге орынды ойлар келіп, тезірек бастап кетудің сәті түседі. Дегенмен кейбір Егіздер достары тарапынан сатқындыққа ұшыраулары ғажап емес. Өз-өзіңізді қолға алып, өміріңізде келеңсіз жайттар болмауына жол бермеңіз. Жолға шыққандар болса қырағылық танытып, қауіпсіздік ережелерін сақтағаныңыз абзал.

Шаян
Жұмыста өз әлеуетіңізді барынша көрсетіп бағыңыз. Басшылық тарапы бұл белсенділігіңізді байқап, сізге тиісті марапатын да беріп қалуы мүмкін. Саяжайдағы жұмыстарға білек сыбанып араласамын деп өзіңізді шаршатып алмаңыз. Жұмыс уақыты біткен соң дұрыс демалып, ойыңызды басқа нәрсеге бөлмегеніңіз абзал.

Арыстан
Осы аптада өз-өзіңізді дамытып, біліктілігіңізді арттыруға әрекеттенгеніңіз жөн. Күтпеген жерден көңіл-күйіңіз түсіп, тосын жайттар орын алуы мүмкін. Көмескі ойлардан арылу үшін достарыңызбен жиі араласып, құнды кеңестерін көңілге тоқығаныңыз абзал.

Бикеш
Жалғызбасты Бикештерге екінші жартысын тауып алуға тиімді уақыт. Отбасы барларға саяжайға шығып, бақшадағы шаруамен айналысып қайтса болады. Себебі таза ауада жиі жүру – жаңа жұмыс күні алдында қандай да бір серпіліс беруі мүмкін. Аға буын өкілдерімен арада келіспеушілік болып жатса, кішілік танытыңыз.

Таразы
Аз сөйлеп, көп тыңдаңыз. Еріншектігіңіз ұстамаса бұл кезең сіз үшін табысты болмақ. Жұмыста жүріп тәп-тәуір пайда табуыңыз мүмкін, оны көпке жария етпегеніңіз дұрыс. Жеке өміріңізде тыныштық орын алуына жол бермеңіз, себебі жоспарларыңызды орындауда мұндай үзіліс кері әсерін тигізуі ғажап емес.

Сарышаян
Қауырт тірлікпен басыңыз қатып жүргендіктен қолыңызға алған кез келген зат сынып, қысымға шыдас бермеуі мүмкін. Тыныштық сақтап, сабырлы болуға тырысыңыз. Демалыс күндері ақшаңызды құр бекерге рәсуа етпеніз. Алдағы күндері кәдеңізге жаратарсыз.
Мерген
Жоқ жерден жанжал шығып жатады. Ушығайын деп тұрған ұрыс-керістің ұшқынынан іргеңізді аулақ салыңыз. Тіпті у-шуы азаймайтын ұжымнан басқа жұмысқа ауысып кету туралы ойларға да  ерік бересіз. Мұндай сәттерде қала сыртына шығып сейіл құрып, саяжайдағы жұмыстарға мән беріңіз.
Тауешкі
Аптаның басында ойыңызға не түссе, соны жүзеге асырғыңыз келіп тұрады. Сол ойыңызға қарай қолға алғалы тұрған жоспарларыңыз көрініс бере бастайды. Апта ортасында өзіңізге үзіліс жариялап, тынығып алыңыз. Ең дұрысы, сүйіктіңізбен бірге бір жаққа қыдырыстап барып келгеніңіз дұрыс болар.

Суқұйғыш
Бұл кезең жаңадан қарым-қатынас орнатуға қолайлы. Қазір күрмеуін күткен мәселелеріңізді біржақты етіп алуға орайлы сәт. Жұмыстан кейін қалуды азайтыңыз, себебі сізді үйіңізде сүйіктіңіз бен бала-шағаңыз күтіп отыр. Қарбалас уақытта сырт-келбетіңізге де мән беріңіз.

Балықтар
Жан-жақтан әлдекімдердің мазалуы азайып, жоспарларыңызды алаңсыз орындауға мүмкіндігіңіз молаяды. Көп уақытыңызды тынығуға арнап, барынша сабырлы қалпыңыздан танбаңыз. Апта соңына қарай қомақты қаражатқа ие болуыңыз да ғажап емес.