21-27 қыркүйек аралығына арналған жұлдыз-жорамал

786
көрілім

Тоқты

Бұл кезеңде тәуекелге бармауға тырысыңыз. Әйтпегенде жақындарыңызбен сөзге келмей, қомақты қаржыдан айырылып, ыңғайсыз жағдайға қалуыңыз мүмкін. Бұл аптада Тоқтылар сүйіктісімен қауышып, кейін араларынан қыл өтпестей болады.

Торпақ

Өміріңізде қай салада болсын бастама танытып, көшбасшы атануға ұмтылыңыз. Жұмыста кәсібилігіңізді, махаббатқа адал екеніңізді дәлелдеңіз. Ашу-ызаға ерік бермеңіз, кейін кедергісін келтіреді.

Егіздер

Апта біршама сәтті болғалы тұр, өз ісіңізден ләззат аласыз. Көптеген маңызды таныстық орнатып, достарыңызбен бас қосасыз. Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, жаңа жоспарыңызбен бөлісесіз. Көңіліңіздегі күмәннан арылыңыз, олар сізге қашан да шын тілекші.

Шаян

Осы кезеңде ықпалды адамдармен достығыңыз нығаяды. Оның алдағы мәнсабыңыздың өрлеуіне сеп болатындығына еш күмәнданбаңыз. Жалғызбастылар екінші жартысын іздеудің қамымен жүреді. Әйтсе де кез келген таныстықтың соңы сіз үшін сәтті аяқталмақ.

Арыстан

Басыңыз мең-зең болып, тұмауратын қалуыңыз мүмкін. Қаржылық қиындық көру себебінен көңіл-күйіңіз де түсіп кетеді. Мұндайда достарыңызға жүгініңіз. Апта соңында табыс табудың жаңа қадамдарын жасап қалуыңыз ғажап емес.

Бикеш

Өміріңізде аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Көп уақытыңызды жұмыс іздеуге жұмсайсыз, әйтсе де соңында оң нәтижесін береді. Туыс-туғандарыңызбен сөзге келмей қалсаңыз сабыр суыңызды сарқымай, тілек-өтініші мен қалауына бір сәт құлақ түріңіз. Демалыс күндері әдеби кітаптар оқуға тырысыңыз.

Таразы

Апта ортасында едәуір шығындалуыңыз мүмкін. Дегенмен кеткен ақшаның орны тез толады. Сүйіктіңіздің пікірімен санаспауыңыздың себебі отбасындағы кикілжіңге алып келеді. Көзіңіз ауыра бастаса уақыт оздырмай дәрігерге жүгініңіз.

Сарышаян

Қазіргі басты міндетіңіз – болып жатқан өзгерістерге бейімделу. Көп ойланбай ішкі түйсігіңізге иек артып шешім қабылдаңыз. Әйтпесе күтпеген жерден шалыс басуыңыз мүмкін. Қаржылық тұрғыда жағдайыңыз тұрақты. Отбасылы Сарышаяндар табиғат аясына шығып, бойжазып қайтуға болады.

Мерген

Жұмыс барысы мен сізге қойылатын талаптар ұдайы ауысып тұруы мүмкін. Соңғы уақытта жұмысқа кешігіп келу себебінен басшылық тарапынан ескерту алып қалуыңыз мүмкін. Жалғызбастылар жұмысы жоқ жандармен жолдас боламын деп алдына қойған мақсаттарынан жаңылады.

Тауешкі

Табысыңызды көбейтудің сәті түседі. Алыс сапарға жиі шығамын деп жақындарыңыздан сөз естуіңіз ғажап емес. Көзге қомақты көрінер зат сатып алуыңыз мүмкін: үй, автокөлік немесе тұрмыстық заттар. Жарақат алудан сақ болыңыз.

Суқұйғыш

Әріптестеріңізбен құрған жоспарыңызды бір талқылап алыңыз. Әйтпесе мәнсабыңызда түрлі өзгерістер орын алып, кейбір ойлағандарыңыз кері кетуі мүмкін. Осы аптада зайыбыңызбен үйге керек-жарақты сатып алып, бір жаққа саяхаттау жағын жоспарласаңыз болады. Тері күтіміне мән беріңіз.

Балықтар

Отбасындағы мәселелер шешімін табуы үшін ең жақын деген достарыңызға жүгініңіз. Аяқасты түскен ұсыныстар сізге оң ықпал етуі мүмкін, сол мүмкіндігіңізді мүлт жіберіп алмаңыз. Соңғы уақытта жүрегіңіздің түкпіріндегі жанды жолықтырып, бар ықыласыңыз соған ауа бастайды.