22-28 қараша аралығына арналған

697
көрілім

Тоқты

Қордаланып қалған шаруаларыңызды қазір қолға алмасаңыз, кейін тіптен көбейеді. Ешкімге сын артпаңыз, одан да өзіңіз жіберген қателіктермен жұмыс істеңіз. Аптаның екінші жартысы шығармашылықпен айналысуға қолайлы.

Торпақ

Қаржы жағы сәл қысып жібереді. Байбалам салудың орнына мәселе шешімін қалай табады деп бас қатырғаныңыз жөн. Бәлкім, қосымша жұмыс іздейсіз немесе ақшаны үнемдеп жұмсау қажеттілігі туындайды.

Егіздер

Серіктестеріңізбен болатын барлық әңгімелер мен талқылаулар болашаққа сенімді қадам жасаудың бастамасы. Отбасы құрған Егіздер жуық арада өмірлік серігінен сыйлық алулары мүмкін. Жылы киініп жүріңіздер, суық ұстап қалмасын.

Шаян

Бұған дейін шешімін таппас мәселеге айналған сауалдар енді әлдеқайда оңай болып көрінеді. Ет жақындарыңызбен ортақ ымыраға келіп, күрделі істерге бірлесе жоспар құрасыздар. Жұмыстағы жүктемелерді бөліп орындаңыз.

Арыстан

Бір сәт бар назарды өзіңізге аударуды ойлайсыз. Бұл үшін көпшілік жиналған жерлерге барудың қажеті жоқ, тапсырылған шаруаны мінсіз атқаруыңыздың өзі күрделі жұмыстағы қолтаңбаңызды айшықтайды.

Бикеш

Бала-шағаңыздың тәрбиесін қазақы болмыспен қолға алғаныңыз ләзім. Смартфонмен алдарқату ең тиімсіз әдіс. Қараша айының 24-інде жұмысыңызда бір өзгеріс болуы мүмкін: соңғы уақытта сізге деген басшылық көзқарасы ерекше.

Таразы

Күздің қытымыр мінезі ығырыңыз бен дығырыңызды шығаруы мүмкін. Бикештердің көбі жаңбырлы ауа райын ұнатпайтындықтан табиғат аясына сирек шығады. Дегенмен осы демалыста отбасыңызбен серуендеп шығуды жоспарлап көріңіз.

Сарышаян

Әріптестеріңізбен болған келіспеушілікті бейбіт жолмен, ашық әңгіме барысында біржақты етіңіз. Ұжымдағы алауыздық кейін кесірін тигізуі мүмкін. Көлігі бар Сарышаяндарға жолда абай болғандары жөн.

Мерген

Қазір жұмысыңызды бірінші орынға қоясыз. Бәлкім, мәнсап баспалдағымен өрлеудің мүмкіндігі туғандықтан шығар… Осыған байланысты жұбайыңызбен келіспеуішілік туындауы да ғажап емес, дұрысы, жұмыстан уақтылы қайтыңыз.

Тауешкі

Жағымды жаңалықтар бірінен соң бірі еріп, қуанышқа шомыласыз. Күрмеуі қиын тапсырмаларды кейінге қалдыра тұрыңыз. Қазір болашағыңызға оң әсер ететін ұсыныстар түсуі мүмкін.

Суқұйғыш

Басыңыз бос болса жеке шаңырақ көтеру мәселесіне бас ауыртқаныңыз дұрыс. Сырғып өткен уақыт күн сайын өзгеріс әкелетінін ескерсек, өмірлік серігіңізді кездейсоқ жолықтыруыңыз кәдік. Бақыт құсын ұшырып алмаңыз.

Балықтар

Өзгерісі мол, сәт сайын құбылатын жайттар легі молаяды. Шаруаның шаш етектен болатыны сондай, құдды бір бітпей қоятын сияқты. Осындай қарбалас салдарынан кейбір маңызды оқиғаларды назардан шығарып аласыз.