27 көшенің атауы өзгереді

414
көрілім

Облыс орталығының 27 көшесі мен бір саябағы алдағы уақытта жаңа атауға ие болмақ. Бұл жөнінде 10 шілде күні өткен қоғамдық тыңдау барысында мәлім болды.

Қоғамдық тыңдау барысында қалалық мәслихат депутаттары Лениногорская көшесін - Теміржолшылар, Комсомольская көшесін - Жастар, Питер Коммунарлары көшесін - Лев Толстой есімімен, ал Ворошилов көшесін Шәкәрім Құдайбердіұлының есімімен атауды жөн деп тапты. Бұдан бөлек Жастар саябағы (бұрынғы Киров) белгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтың есімімен аталады.

Сонымен қатар қаланың Жібек маталар комбинаты мен 20-тұрғын аудандары аралығында орналасқан екі шақырымдық даңғылға әл-Фараби, ал шағын ауданның ішіндегі алты көшеге белгілі хоккейші Борис Александровтың, жазушы Анатолий Ивановтың, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте батырлығымен ерекшеленген Байқошқар батырдың, Еңбек Даңқы орденінің толық кавалері Қайырбек Айжігітовтың, дәрігер Андрей Кошкаровтың, педагог Құсайын Жаманбаевтың есімдерін беру ұсынылды.

Бұдан басқа 20-шағын ауданның бұрын атауы болмаған 14 көшесіне орналасуына және географиялық атауларға байланысты Ақбауыр, Толағай, Жерұйық, Өсиет, Ақжол, Шапағат, Думан, Қазына, Үркер атаулары берілмек. Ал 16-шағын аудандағы үш атаусыз көше Арасан, Аялы және Ақшоқы болып аталса, Ахмер ауылының жаңадан салынып жатқан ауданындағы төрт көше Саламат, Серпін, Қанағат және Балауса атауларын иемденбек.

Қоғамдық тыңдауда дауыс берген қалалық мәслихат депутаттары шешім шығарған соң ұсыныс облыстық ономастикалық комиссиясында қаралып, Астанаға жолданады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ