28 қазан – 3 қараша аралығына арналған жұлдыз жорамал

620
көрілім

Тоқты

Осы аптада барлық шаруаларыңызды қорытындылап, біржақты етіп алғаныңыз жөн. Себебі бұдан кейін қауырт тірліктер басталып, қолыңыз тимеуі мүмкін. Сүйіктіңіз тосынсый дайындап, сыйлық жасауы да ғажап емес. Сондықтан әркез әзір жүріңіз.
Торпақ
Жаңадан орнатқан қарым-қатынастарыңыз сізге оң ықпал етеді. Бұл уақытта үйде отыра бергеннен гөрі достарыңызбен серуендеп қайтқаныңыз дұрыс. Мәдени-танымдық шараларға жиі барып, рухани азық алсаңыз тіптен абзал. Жұмыста әріптестеріңізбен келіспей қалуыңыз мүмкін. Егер бейтарап болып қалуды жөн санасаңыз, келеңсіз жайттың алдын алуға тырысыңыз.
Егіздер
Сіз иек артқан адам күтпеген жерден сан соқтырып кетіп жатса, таң қалудың қажеті жоқ. Көңіліңізге қаяу салатын сәттерге үнемі дайын жүріңіз. Өйткені қазір көпшілігінің сіркесі су көтермей жүр, сіз де барынша сабырлы кейіп танытыңыз. Күн райы қолайлы кезде таза ауада жүгіргеніңіз ләзім.

Шаян
«Нар тәуекел – ердің ісі» деп көзсіз ерлікке баруға бел буасыз. Жұлдыздар «Бұған асықпағаныңыз жөн» дейді. Керісінше, бұл кезеңде кейінге қалдырып жүрген тірліктеріңізді бітіріп, көкейге жиналған сауалдарға жауап іздесеңіз болады. Әлдекімдер бұл аралықта диеатаға отыруды құп көреді, ағзаңызды әлсіретіп алмаңыз.

Арыстан
Күні бүгінге дейінге романтикалық кездесуді бастан өткермеген болсаңыз, онда жағдайды реттеуге әбден болады. Сезіміңізді білдіріп, шынайылықты ғана іздеп тұрасыз. Өз-өзіңізді күтіңіз, қарбалас тірлікке араласамын деп шаршап қалмаңыз. Қазір ағза иммунитетін арттыратын кезең екені жадыңызда болғай.
Бикеш
Жұлдыздар қазір айналаңыздағы адамдарға сеніп қалмауға шақырады. Осы уақытта қолға алған істеріңіз шешімін таппай, құрдымға кетуі мүмкін. Қапаланудың қажеті жоқ. Есесіне демалу жағын ойлаған болсаңыз, оған жол ашық. Негізі, ұжымыңызбен бас қосып, емен-жарқын әңгімелескеніңіз жөн.

Таразы
Апта басында жағымды тосынсыйға ие боласыз. Бірақ осыдан кейін өзіңізге таңсық сұрақтар қаптап, жауабын табу мұңға айналады. Қазан айының соңына қарай жұмыста сылбырлыққа жол беріп, әл-дәрменіңіз азайғандай болады. Басшылықтың жұмысыңызға көңілі толмай, ескертулер жасағанын естисіз.

Сарышаян
Соңғы уақытта түн ұйқыңызды төрт бөліп, мазалап жүрген сауалдың жауабы табылып, жандүниеңіз байыз табады. Алайда сүйіктіңізбен ара-қатынасыңыз бұзылып, жолдарыңыздың екіге айырылуы – өзінше бір соққы болып тиетіндей. Қазір жұмысты қойып, тынығуға ден қойғаныңыз дұрыс.

Мерген
Жақындарыңыз берген ақыл-кеңесті барынша оң қабылдап, іштей ой түйе біліңіз. Қазанның 28-і күні сақтық танытыңыз: біреу-міреу алдап соғуы мүмкін. Материалдық жағынан қиындыққа тап болсаңыз байбалам салмай, қаражатыңызды үнемдеген жөн. Арада аз уақыт өткен соң бәрі де бір ізге түспек.
Тауешкі
Апта бойы бойкүйездіктен арыла алмай жүресіз. Осының салдарынан отбасыңыз бен жұмыста келеңсіздіктер болуы мүмкін. Қазір ұзақ сапарға шығудың мерзімі емес, дұрысы кейінге шегеріңіз. Тосыннан келетін жарақаттардан сақ болып, денсаулығыңызды бақылауда ұстаңыз.

Суқұйғыш
Сұқұйғыштар үшін өзіне-өзі есеп беретін қолайлы уақыт. Бұған дейін шалыс басқан жерлеріңіз болса оны түзеуге әбден болады. Кімді ренжіттіңіз, содан кешірім сұрағаныңыз жөн. Ал Суқұйғыштарға барынша кешірімшіл болу керек. Бір ғана сәт көп нәрсені өзгертуге себепші екендігін ұмытпаңыз.

Балықтар
Қазір қаржылық мәселеңіз шешіліп, арқаңыздан жүк түскендей боласыз. Тапқан-таянғаныңызды жинап, алған несиелеріңізді жауып тастайсыз. Бұл да біткелі тұрған іс. Туған-туысқандарыңызбен араңыз суып кетуі мүмкін, сондықтан салқынқанды қалпыңыздан таңбаңыз.