28-шағын аудан тұрғындары сатып алған үйлерінің сапасыздығына наразы

1054
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Шығыс ауылы мен 28 шағын аудан бір-біріне тиіп тұр. Бұл күндері қайсыбіріне барсаңыз да тұрғындар қордаланған мәселелерді айтып беруге әзір. Қомақты қаржы бөлінген құрылыстың соған сәйкес жүргізілмегенін, ал зардабы айналып келгенде тұрғындарға тиіп жатқанына қапалы. Қапаланды деу де жай айтылған сөз-ау, «Айта-айта Алтайды...» деп шағым білдіргеннен ешнәрсе өнбейтініне көз жеткізген тұрғындар амалсыз күйбең тірліктерін жалғастырып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Үй салуға арналмаған жер

Қазір 28-шағын ауданында жер дегдіп, қара жердің сұлбасы толықтай көрінген. Егер осыдан екі апта бұрын барғандарыңызда лай батпақтың үстінен түсіп, тобығыңызға дейін ластанар еді. Үйдің егесі баспанаға кірер жол таппай, темір қашаға жабыса-жастана, кірпішті басып қана ауласына кіріп жүрді. Бақытжан Бекеновтың айтуынша, біз бас сұққан үйлер сол шағын аудандағы ең сапалы етіп салынғандары.

Қалғандарында олқылық одан да көп деді. Қызығы сол, қомақты қаржысын сарп етіп, «Иә, шүкір, жаңа үй алдық» деп қоныс тойын тойлауға ұмтылған өскемендіктер қазір алғандарына өкінеді. «Бұл жер үй салуға арналмаған» деді алғашында. «Осыны біліп тұрса да құрылыс орны деп осы жер таңдалған, бұл қалай?» деп тағы бір айтты. Үйдің іргетасына қаланған кірпіштерде реттілік жоқ, бірнеше жылда тепе-теңдік бұзылып, қабырғалар опырылып құлайды деп қауіптенеді.

– Үйлердің салынғанына төрт-бес жылдың жүзі. Бір суып, бір ысып, нәтижесінде осындай жарықшақтар пайда болды. Барлық үйлерді жөндеуіміз тиіс, себебі жаңбыр суы өтуі мүмкін, сыртын болған соң бөлмелеріндегі түрлі ақауларды біржақты етуіміз керек, – деді «Восток строй» ЖШС мердігері Мұрат Мұхтарұлы.

Мердігерлер мүмкіндігінше жөндемек

Осыны айтып жатқанда Бақытжан Бекенов екі жұмыс істеудің неден басталғандығына тоқталды. Айтуынша, 28 шағын ауданындағы үйлер жобаға сәйкес балшықта салынды әрі іргетасының арматураланбауы құрылыстағы ең бір өрескел қателік.

– Қазір екі жақта жүрмін. Не алатынымды білмеймін, не бас тарта алмаймын. Тек несиесін төлеп жатырмын. 19 жылға, айына 74 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Үйдің бағасы шамамен 14 миллион теңге. Одан бөлек, қалада тұратын пәтерге де төлейміз. Мердігерлер жөндеп беремін десе де, оның аяқталуына ешқандай кепілдік жоқ. Сараптама қорытындысы шықпай, бірнәрсе деу қиын, – деді Бақытжан Бекенов.

Мердігерлер су тартыла үйдегі кемшіліктер жойылып, барлығын реттейтіндіктеріне сенімді. Бұл жақта ұзын-ырғасы 54 үй бар десек, соның 30-ына тұрғындар қоныстанған. Баспанаға кіргеннен бастап үш жыл кепілдік беріледі. Бірақ қазірдің өзінде көптің көңілі қаларлық кейіпке енді. Алдымен қар кете әрбір үй аумағын көлкіген су алып, асфальт жоқ жердің барлығы дерлік борпылдап тұрады. Бақытжан Бекеновтің балшыққа салынған дегені осы кезде тағы еске түсті. Уайымның да негізісі болады екен. Алғашқы түйткіл сапасыз етіп салынған үйлер болса, талапқа сай емес жерге салынуы екінші қателік.

Ал үшіншісі… осыған дейін үйге төлеген ақшаларын қайтарып ала алмаймыз ба деген үрей. Себебі, банк келісімшартында төленген ақша қайтарылмайды деп жазылған көрінеді. Сонда соншама қаражаттың төленгені, баспана кезегін күткендері… бәрі-бәрі зая кеткендей. «Восток строй» өкілдері шама-шарқыларынша жөндеуге әзір, ал құрылыс бөліміндегілер жерді қазып, мән-жайға үңіліп көрмек сияқты.

«Бөлмелері дымқыл тартады»

Ең қорқыныштысы, Бақытжан Бекеновтің үйін қос қапталдан жарықшақ жайлаған. Сонда асыға күткен баспанасы аз уақытта қаққа айырылған. Бір қыс өткенде байқалған олқылық бір-екі жылда қираған үйге айнала ма дегенде зәре жоқ. Кәріз жүйесі де тіркелмегендіктен ел-жұрттың дәретханасынан шыққан нәжіс суы осы жаққа қарай ағады.

Келесі баспананың да жай-күйін көрдік. Ербол Ақтаевтың айтқаны алдыңғысымен үндес. Бір қабырғасы іргетасқа берік қаланса, екінші жағы біршама қиыс. Бір-екі жылдың еншісіне салсақ, жарықшақтар үлкейіп, қыстың жаймашуақ күнінде де бөлмелері азынап тұратындай. Осы аралықта «Мердігер емес, студенттер салып кеткендей» деген сөйлемдер де айтылды. Тым құрығанда, несие ресімдеп алған баспаналарын жөндеп, кейін сатып жіберуге оқталса да ешкім алмайтындығына сенімді. Үй кезегінде тұрған отбасыларға жеңілдетілген ипотекамен берілді демесеңіздер иелері күні бүгінге дейін бар-жоқ ақшаларын жұмсап келеді.

– Жаңа үй болған соң кіріп, алаңсыз тұруға тиіс едік. Сазды жер болған соң іргетасы тез-ақ жарылып кетті. Жиналған кірпіштері мынау, қисық. Қыстай тұрып шықтық, үйдің төбесінен суық үреді. Осыдан соң бөлмелер дымқыл тартады. Ал мұның барлығы шегіртке мен қырықаяқтардың қаптауына себепші, – деді Ербол Атаев.

***

Сонымен «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған үйлердің кескін-келбеті осындай. Ең тәуір деген баспанадан осындай олқылықтар анықталды. Сараптама не дейді екен, жөндеуге келмейді десе талай тұрғын мердігер ұйымға қанын ішіне тартып, ертеңінде-ақ ат басын бұратын сияқты. Бәлкім, географиялық орналасуы басқа жер болса, кейбір кемшіліктерге көз жұма қарап, жөндеу жұмыстары аяқталғанша күтуге болар ма еді? Ал жарықшақтар… уақыт өткен сайын үлкейіп барады. «Кейде үй сатып алып емес, салып жатқан сияқтымыз» деулері де жабырқаған көңілді жеңіл әзілмен алдарқату іспетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ