30 қыркүйек-6 қазан аралығына арналған жұлдыз жорамал

436
көрілім

Тоқты
Тоқтылар қаржылық тұрғыда қиындықтарға тап болмақ. Қол қусырып, қаражат күтемін дегенше қосымша табыс табудың жолын ойластырғаныңыз жөн. Қолыңыз бос кезде шығармашылықпен айналыссаңыз шаршағанды ұмытып, біршама шабыт аласыз. Ішімдікке әуестеніп, жат әдеттерге жол беріп жүрмеңіз.
Торпақ
Күрмеуі қиын мәселені кейінге қалдыру жайлы ой келеді сізге. Мұндай олқылыққа жол беріп алмаңыз, себебі алдағы уақытқа жүктемелеріңіз еселене түседі. Әлдекімдер жұмыста аяғыңыздан шалғылары келеді. Барынша сабырлы кейіп танытып, бейтарап шешім шығара біліңіз.
Егіздер
Бұл аптада серіктестеріңізбен сенімді қарым-қатынас орнатасыз. Бұрын шешімін таппай жүрген мәселелер болса, емін-еркін жүгінсеңіз болады. Демалыс күні ауа райы қолайсыз болса да қабырғаға телміріп, үйде отырып қалмаңыз. Өміріңізде маңызды шешімдер қабылдауға себепкер болатын жаңа таныстар табуыңыз мүмкін.
Шаян
Жеке қабілетіңіздің арқасында бабы қиын, талабы жоғары адамдармен тіл табысасыз. Сол себепті осы бастан өзекті мәселелер туындаса шеткері қалып, өзі ойыңызды жеткізбей қалудан аулақ болыңыз. Осы кезде жомарттық танытып, көмек сұраған жанға түсіністік танытқаныңыз абзал.
Арыстан
Үнемі жұрт назарын аударып үйреніп қалғансыз. Шектен тыс белсеніп, өз ортаңызда теріс пікірге қалып жүрмеңіз. Яғни сіз жетістікке жеткен сайын бәз біреулер оны көре алмауы мүмкін. Бастысы, өзіңізге көңіл аударып, дұрыс тамақтануды әдетке айналдыра біліңіз. Үлкен істер тындыруда әл-ауқатыңыздың жоғары болғаны маңызды.

Бикеш
Осы аптада сізге бірнеше жерден іскерлік ұсыныстар түсуі мүмкін. Бір шешім шығарарда ұсақ-түйектің барлығын ойластырып, ақыл таразысына салыңыз. Жұмысбасты болып жүріп бала-шағаңызға көңіл бөлуді ұмытпаңыз. Қым-қуыт тірліктен қолыңыз босай алмай, бауыр еті балаңыз үшін маңызды саналатын сәттерді естен шығарар болсаңыз, жақындарыңыз кешірмейді.
Таразы
Бойкүйездік тартып, шаршаңқылық басуы мүмкін. Әсіресе қазан айының басы сіз үшін ерекше күрделі болмақ. Осы кезде достарыңыздың қолдауы мен өзіңіздің ерік-жігеріңіз жанға медеу береді. Жасы үлкен туған-туыстарыңыздың хал-жағдайын сұрап, жағымды қарым-қатынас орнатудан жалықпаңыз.
Сарышаян
Бұл аптада ісіңіз оңға басып, белсенді бола бастайсыз. Кей жағдайда үй мен сырттағы мәселелер қабаттасып кетуі мүмкін. Әйтсе де сіз үшін алынбайтын қамал жоқ тәрізді көрінеді. Алдағы күндерден тек жақсылық күтіп, қызметтегі мансабыңыз да өрге басуы мүмкін. Біреу-міреумен танысарда сақтық танытыңыз.
Мерген
Жақын адамыңыз бір жаңалық айтып, соған көңіл-күйіңіз түсіп қалуы мүмкін. Өз-өзіңізге бекем болыңыз, әйтпесе қиындық құрсауынан шыға алмай қаласыз. Бұған қоса сүйіктіңізбен де араңыз суып кетейін деп тұр. Отқа май құюға даяр таныстарыңыздан сақ болғаныңыз жөн. Қажет болса жекебас мүддесі үшін дау-жанжалға дейін баруыңыз ықтимал.
Тауешкі
Отбасы жағдайынан бұрын жұмысты бірінші орынға қоясыз. Жұмыста алдағы кәсіби қызметіңіздің алға басуына сеп болатын күрделі тапсырмаларды жүктейді. Сол себепті бәрін де жоспардан асыра орындап, қатарыңыздың алды болуға асығыңыз. Жалпы, бұл кезең артық салмақтан арыламын деушілерге аса қолайлы.
Суқұйғыш
Жеке өміріңізде біршама өзгеріс болғалы тұр. Жұбын таппай жүргендерге жағдайды реттеуге тамаша мүмкіндік. Күтпеген жерден сырқаттанып қалсаңыз, дәрі-дәрмексіз жазылып шығуға қауқарыңыз жетеді. Себебі Суқұйғыштар тумысынан төзімді әрі өжет келеді.
Балықтар
Бұл кезең сіз үшін жауабынан сұрағы мол кезеңге айналмақ. Бірінші кезектегі маңыздылыққа ие шаруаларды тындыруға тырысыңыз. Әсіресе құжат жұмыстарына келгенде қырағылық танытыңыз, әйтпесе болмашы қателік бәрін басынан бастауға итермелейді. Демалыс күндерін таза ауада өткізгеніңіз әлдеқайда тиімді.