25 қыркүйек пен 1 қазан аралығында облыс аумағында өткізіліп жатқан «Іздеу» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында талайдан жылдан бері қолға түспей жүрген қылмыскер құрықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жедел алдын алу шарасын жүргізу барысында Семей қаласындағы криминалдық полиция қызметкерлері 30 жылға жуық Ресейдің құқық қорғау органдарынан жасырынып келген сол елдің азаматын ұстады. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, іздеуде болған ер адам 1992 жылдың ақпанынан бастап адам өліміне әкеп соққан дене жарақатын салумен байланысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.
Тәртіп сақшыларына келіп түскен жедел ақпараттың нәтижесінде жылдар бойы жасырынып келген адамды анықтаған. Ол қаншама жылдар бойы әйеліне өзін жалған атпен таныстырып, шынайы деректерін жасырып келген.
- Қазіргі уақытта аталған қылмыскерді Ресей Федерациясына экстрадициялау туралы мәселе шешілуде, - деді ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.