Танымал ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов жанып жатқан автобустан 48 жолаушыны құтқарған Семей тұрғыны Ержан Амархановты бағдарламасына шақырды, деп хабарлайды газет тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
Андрей Малахов жүргізетін "Прямой эфир" ресейлік ток-шоуына қатысуға күрес бапкері осы аптада аттанады. Жолға және жүріп-тұруына кететін қаражатты телеарна әкімшілігі өз мойнына алып отыр.
- Андрей Малахов жүргізетін бағдарлама редакциясы хабарласып, тікелей эфирге шақырды. Келісімімді бердім, осы аптада бағдарламаға қатысуға барамын, - деп хабарлады Ержан Амарханов.
Естеріңізге салсақ, автобустағы өрт тамыз айының төртінен бесіне қараған түні болған еді. 50 жолаушы мінген Семей-Новосібір бағытындағы автобуста қызыл жалын түнгі үш шамасында тұтанған. Автобус қозғалтқышының тұтанғанын бірінші болып сезген 37 жастағы қазақстандық бірден жүргізушіге хабар беріп, жолаушыларды оята бастайды. Көліктің есігі мен терезесін бұзып, ересек адамдар мен балаларды біртіндеп шығара берген. Көлік қас-қағым сәтте отқа оранып, түгі қалмай жанып кетті. Семейлік азаматтың батыл іс-әрекетінің арқасында жолаушылардың бәрі дін аман қалған.
Жолаушылар әуелі Барнаулға, кейін Новосібірге жеткізілді. Ержан бірнеше күн қалада болып, сол жерде елге қайту үшін құжаттарын қалпына келтіруге көмек алыпты.
Ресейден көлік сатып алу үшін жолға шыққан Амархановтың бар жиған-тергені автобуста жанып кеткен екен. Ресейлік автостанция басшылығы соманың біраз бөлігін 15 тамызға дейін өтеп беруге уәде берді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ