4 ақпаннан Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейстері тоқтайды

379
көрілім
Коронавирус індетіне байланысты Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы тоқтайды. Бұл туралы ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
 
- 3 ақпаннан бастап, Қытаймен шекара іс жүзінде жабылды. Бүгін соңғы ұшақтар біздің азаматтарымызды елге әкеледі. Ертеңнен бастап, тікелей әуе қызметі тоқтайды. Ал автобус және пойыз қозғалысының тоқтағанына біраз уақыт болды, - деді Ж. Бекшин бүгін Қазмедиа орталығында өткен брифингте.
 
Оның айтуынша, қазіргі уақытта шекарадан тек ресми делегациялар, шенеуніктер мен жүк тасымалы ғана өткізіледі.
 
- Олар екі ел үкіметінің де жылу сезгіш құрылғысымен (тепловизор) сканерленеді. Республикалық штаб шешіміне сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанның барлық шекаралық бекеттерінде тепловизорлармен үздіксіз бақылау орнатып жатырмыз. Бұл ауру туралы халыққа 6 қаңтарда мәлімдеме жасағанбыз. Сол күннен бастап, Қытайдан келген барлық жолаушыларға қосымша бақылау жүргізуді бастадық. Ал 2017 жылдан бері барлық халықаралық рейстерден келген жолаушыларды жылу сезгіш стационарлық құрылғымен бақылауды тұрақты түрде жүргізіп келеміз, - деді Бас санитарлық дәрігер.

Сонымен бірге, ҚР Үкіметі жанындағы ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен, өткен аптада Қазақстан-Қытай шекарасында 8 кедендік бекеттің санитарлық бақылау жүйесі қосымша тексерілді.

Медициналық бетперде өндірушілер толық қуатпен жұмыс істеп жатыр. Үкімет коронавирусқа қатысты түрлі сатып алулар үшін 1,5 млрд теңге қаражат бөлді. Қажет болған жағдайда кез келген көлемде маска сатып ала аламыз, - деді Жандарбек Бекшин.