500 теңгелік монеталар айналымға қашан шығатыны белгілі болды

584
көрілім

Қазақстан Ұлттық банкі 2019 жылғы 27 қарашада номиналы 500 теңгелік күмістен "Дала қазынасы" монеталар сериясынан Quraq kórpe коллекциялық монеталарын және номиналдары 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан "Қазақстанның флорасы мен фаунасы" монеталар сериясынан Kόbelek. Lasiommata maera коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Монеталар түрлі түсті басу технологиясын қолдана отырып, күмістен дайындалды.
-Монетаның аверсінде орталық бөлігінде QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы орналасқан. Төменгі бөлігінде – монетаның номиналы және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін жазба бар. Монетаны айналдыра – ұлттық ою-өрнек көмкерілген, - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Монетаның реверсінде қолдан жасалған құрақ көрпенің бейнесі, Quraq kórpe деген жазу, соғылған жылы және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан.
Техникалық сипаттамалар:
Монеталар 925/1000 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, таралымы – 1 500 дана.
Монеталардың бет жағында (аверсінде) оң жағында жануарлар мен өсімдіктерден құралған коллаж қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, сол жақта Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің тауар белгісінің (логотипінің) бейнесі және монетаның номиналын білдіретін 200 TEŃGE деген жазба орналасқан. Монетаны айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI және NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазбалар бар.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) интерференциялық құбылмалы бейнелеуді және түрлі түсті басып шығаруды қолдана отырып, көбелек бейнеленген. Ал монетаның жоғарғы оң жақ бөлігінде Kόbelek. Lasiommata maera (латынша түр атауы) орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның атын және соғылған жылын білдіретін Kóbelek 2019 деген жазба.
1) номиналы 200 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан, рrооf-like сапасымен дайындалған, массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, таралымы – 5000 дана;
2) номиналы 100 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан, brilliant uncirculated сапасымен дайындалған, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, таралымы – 20000 дана.
Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.
- Номиналы 500 теңгелік, 200 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады, - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Коллекциялық монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтындағы Интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.