500-дей адамның басын қосты: Өскеменде жұмысшы жастар арасында байқау өтуде

291
көрілім

Өскемендегі О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Қайратты жастар – 2023» жұмысшы жастар арасында байқау өтті. Шара Республика күніне орай қолға ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оған қатысушылар дені 18 бен 35 жас аралығын қамтыды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқаудың мақсаты – жұмысшы жастар белсенділігін арттырып, дене шынықтыру мен спортты насихаттау.

– Өңірімізді ел көлемінде кәсіпорындар мен зауыттардың «астанасы» деуге болады. Жұмысшы жастарды қолдау әркез жалғаса береді. Осы жолы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері де бақ сынауда. Байқау аясында оларға кәсіби бағдар беріледі. Бүгінгі шара үш кезеңнен тұрады. Біріншісінде черлидерлер өз мүмкіндіктерін көрсетсе, келесі кезеңде Altaynews сайтында бейнероликтерге дауыс береді. Ең соңында спорттық тимбилдинг өтеді. Онда ұпай жинап, нәтиже тіркеп жарыспайды. Тек, ұжымдар арасындағы тұтастық, тығыз қарым-қатынас орнату басшылыққа алынған, – деді облыстық Жастар орталығының директоры Данияр Жүнісов.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, спорттық тимбилдингте топ жарғандар 100 мың теңгеге ие болса, екі номинация бойынша қаржылай сыйлықтар табысталмақ. Өзге қатысушылар да құр алақан қайтпайды. Биыл 11-ші рет өткізілді. Кейбір ұжымдар осы уақытқа дейін мұнда топ жарып, тәжірибе жинап үлгергендер. Айта кетейік, байқауға «ТМК» ААҚ, Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО және «ҮМЗ» ААҚ жұмысшылары қатысуда.

– Кәсіпорындар арасындағы жарыстарға 2017 жылдан бері қатысып келеміз. 2022 жылы бірінші орын алған болатынбыз. Басқа кездері біз ойлағандай болмады. Бұл жолы үздік шығатынымызға сенімдіміз. Осы шара арқылы басқа зауыттардағы жұмысшылармен танысып, тәжірибе алмасып, жаңа достар табамыз. Өскемен ЖЭО-дан 30 адам келдік, – деді аталған орталықтың жетекші-инженері Сырым Өмірзақов.

Айта кетейік, «Қайратты жастар – 2023» байқауы 500-дей жұмысшы жастардың басын қосты.