Банктер мен қаржы ұйымдарында тұтыну кредиті бар 5 млн астам азаматтың айыппұлдары мен өсімпұлдары өтеледі. Бұл туралы бірінші вице-премьер - қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
"Бұл шамамен 48 млрд теңгені құрайды. Айыппұлдар мен өсімпұлдардың 75% қаржы ұйымдары тарапынан өтеледі. Бұл жұмысты Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктермен, шағын ұйымдармен бірлесе отырып, келісім бойынша жасайды. Айыппұл деген ол банктердің өздері қосқан проценттері. Бұл банктерге ешқандай үлкен салмақ түсірмейді", - деді Қаржы министрі Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол осыған дейін кепілсіз тұтынушылық несиелерді, олардың процентін, айыппұлдарын өтеуге мемлекет тарапынан 105 млрд теңге қажет екенін айтты. Оның 88,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал шамамен 17 млрд теңгені проблемалық несиелер қорынан арнайы облигациялар шығару арқылы тартатынын ескертті.