Жуықта сайтымызда Зайсан ауданы Жарсу ауылының тумасы 1 топтағы мүгедек қыз Болат Айтолқынның өмірі жайлы мақала жарияланған еді. Мақалада бойжеткеннің атаусыз дертке ұшырап, арбаға таңылған тағдыры жазылған. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Айтолқын бізге қоңырау шалды. Қуанышында шек жоқ. «Енді оқуымды алаңсыз жалғастыратын болдым! Университет басшылығы маған грант бөлді» деді. Сайтқа шыққан мақаламыздың тағдыр тауқыметін тартқан жас арудың өміріне аз да болса ықпал еткеніне біз де қуанып қалдық, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Айтолқынның арбаға таңылғанына биыл міне бес жыл. Бүгінде ол ШҚМУ университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің тікелей қамқорлығының арқасында әжесімен бірге университет жатақханасында тегін тұрып жатыр.
– Мұхтар Әділбекұлына алғысымыз шексіз. Осындай қиын-қыстауда қамқор болып, қолдау көрсетті. Тіпті ай сайын келіп жағдайымды біліп, қажет болса көмегін аямайды. Ең қуаныштысы, университет басшылығы жағдайымды ескеріп, төрт жылдық гранд бөлді. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Себебі өз ортамнан алыстап, оқудан қолүзгім келмейді. Студенттік өмірім енді ғана басталса да мұндағы қолдаулар менің өмірге деген көзқарасымды мүлдем өзгертті, – дейді Болат Айтолқын аса тебіреніспен.
Шынында да студенттерге демеу көрсеткен университет басшылығының бұл ісі мақтауға тұрарлық. Ректордың айтуынша, наурыз айында қайырымдылық концерті өткізілмек.
– Біз әрқашан студенттеріміздің жағдайын бақылауда ұстап, көмек қолын созып отырамыз. Қазақ тілі және әдебиеті пәні факультетінің студенті Айтолқын Болаттың жағдайымен жете таныспын. Бұған дейін жатақханадан әжесі екеуіне тегін орын беріліп, оқу ақысына да жеңілдік жасалды. Бұдан басқа да әлеуметтік көмек көрсетілді. Ғылыми кеңестің шешімімен Айтолқынға Абай атындағы грант берілді. Енді ол осы оқу ордасын бітіргенге дейін тегін оқиды, – деді ШҚМУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай қолдаулардың арқасында Айтолқынның жағдайы күн санап жақсарып келеді. Бары да, нары да жалғыз әжесі болған қайсар қыз көмекке әлі де мұқтаж.
Туған әке мен шешенің аялы қамқорлығын сезінбей өскен жаны да, тәні де жаралы осынау қызға қолұшын созам десеңіз – мархабат әрине!
Таунар ҚАЙРАТ