Аягөзде есірткіге масайып көлік жүргізген ер адам ұсталды

29250
көрілім
Шартты фотосурет

Наурыз айының соңында Аягөз ауданы Ақтоғай станциясының бас көшелерін патрульдеу кезінде патрульдік полиция взводының қызметкерлері 51 жастағы жергілікті тұрғын тізгіндеген «Нива» маркалы автокөлігін тоқтатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құжаттарды тексеру кезінде ер адамның қылықтары күдікті көрініп, медициналық куәландырудан өту үшін Ақтоғай ауруханасына жеткізілді.

– Медициналық қорытындыға сәйкес ер адамның каннабиоидтарды қолданудан туындаған есірткіге мас екені анықталды. Сонымен қатар былтыр Аягөз аудандық соты аталған жүргізушіні 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырған екен, – делінген мәліметте.

Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабына сәйкес (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Осы баптың санкциясымен 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.