Өскемен гарнизонында сержант күні атап өтілді. Жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын кіші командирлерге құрмет көрсетіліп, құрметті қонақтардың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты шараға механикаландырылған бригаданың тұңғыш бригада сержанты запастағы аға прапорщик Қайрат Жүнісов пен мәдениет және спорт министрлігінің спорт амбассадоры, күш өнерінен әлемнің, Гиннесс рекордтар кітабының және Қазақстанның бірнеше дүркін рекордшысы Сергей Цырульников қатысып, сержанттар құрамын мерекелерімен құттықтап, алғыс-тілектерін білдірді.
- Офицерлердің бірінші көмекшілері сержанттар құрамына күн тәртібінен бастап, барлық күнделікті іс-шаралар, сондай-ақ сарбаздарды жеке даярлау, оларды оқыту және тәрбиелеу жүктелген. Осындай кәсіби бағыттарыңыздан таймай, Отанға адал қызмет ете беріңіздер, - деді Сергей Цырульников.
Кеңес одағының құрамында болған елдердің алғашқысы болып Тәуелсіз Қазақстан армиясы кәсіби сержанттар жүйесін дамыта бастады. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен кадрларды оқыту және даярлау үшін 1996 жылғы 1 шілдеде Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы құрылды. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі болып өзгертілді.
Салтанатты жиын барысында Өскемен гарнизонының бастығы подполковник Аслан Кітапбаев бірнеше сержантқа Қорғаныс министрінің, Бас штабы бастығының және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының марапаттарын табыс етті.
- Қазіргі таңда сержанттар құрамы Қазақстан армиясының ажырамас бөлігі болып табылады. Әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты, - деді ардагер сержант Қайрат Жүнісов.