Көкпекті ауданының тұрғындары шекілдеуік ұрлады деген күдікке ілінді

8817
көрілім

Қазан айының басында Көкпекті ауданы Самар полиция бөлімінің кезекші бөліміне фермерлік шаруашылық басшысынан оның учаскесі аумағынан белгісіз біреулер күнбағыс дәндері салынған қаптарды ұрлағаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оқиға орнына барған жедел уәкілдер ұрылардан қалған айғақтарды алып, саусақ іздерін алып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарынан сұрастырған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұрлыққа екі әйелдің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат алып, полицейлер тез арада күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар сол ауылдың 51 және 53 жастағы тұрғындары болып шықты.

Жымысқы ұрылардың қолайлы сәтті пайдаланып, күнбағыс алқабынан жалпы сомасы шамамен 70000 теңге тұратын 24 қап күнбағыс шекілдеуікті үптеп кеткендері анықталды. Полицейлер қолды болған қаптарды заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі 1 -тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Аталған баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi (8 млн 334 мың теңге) мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сол мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.