Ұрпақтар алмасады. Бүгінгі күн ертеңмен бүтінделіп, ғажабы ғасырға созыла түскендей әсер қалдырған жарқын сәттер жаңа леппен байқалады. Осындайда өзгермейтін бір ғана бағыт бар. Ұстаздың орнықты әрі айнымас, кіршіксіз әрі нақты берген бағдары мен кеңесі – ертеңгі күннің есігін ашудағы алтын кілт. Бойындағы әлеуетіне әлдеқандай күмәнмен қарайтын кей оқушылар алдағы өмірін мұғалімнің жол сілтеуінсіз елестетсе, олардың риясыз тілеулестігі қашан да орасан демеу. Сондай жандардың бірі Амангелді орта мектебінде табан аудармай 40 жыл ұстаздық еткен Роза Қажығалиева. Көкпекті ауданына қарасты Көкжыра ауылындағы мұғалімнің осыншама уақытын ұрпақ тәрбиесіне арнағаны өз саласында кенді де, кенішті еңбек еткенін аңғартса керек.
Білімнің негізі – бастауыш сынып
Ауыл тұрғындарының бірі «Амангелді орта мектебі – әмбебап оқушылардың ордасы» деп айтқан еді. Бәлкім, білім мен спортты қатар алып жүретін ұл-қыздар үнемі түлеп ұшқаннан болар деп топшыладық. Осыған дейін түрлі мәселелерді арқау етіп аудан әкімдігіне сұраухат жібергенімізде, аталған ауылдағы тұрғындар саны – 716 адам деген ақпарат ұсынды. Соның 110-120-сы оқушы десек, елдімекеннің еңсесін көтеріп отырған көкірегі даңғыл қариялар мен зейнеткерлер, ел ағасы жасындағы азаматтар мен нәзік жандылар Көкжыраның қысқаша тарихын мүдірместен баяндап беруге әзір. 100-ден астам оқушы дедік қой, соның ішінде әр пәнде өзін суда жүзген балықтай сезініп, облыс пен республикадан асып, халықаралық аренада атой салған бүлдіршіндер де бар. Спорттың жөні бір бөлек, бұл туралы алдағы уақытта тағы бір мақала жазыла жатар… «Әр бала – әлі қалыптаспаған тұлға» дейді. Мұның астарына жету үшін әріге барудың қажеті жоқ. Айталық, 5-7 сынып аралығы орта буын болып саналады. Таланттардың томағасы сыпырылып, білім теңізіне сүңгуге әзірлері осы кезде байқалады. Десе де мұның бастамашысы – бастауыш сыныпта алған білім екендігі сөзсіз. Бұл тұрғыда Амангелді орта мектебі еш уақытта тапшылық көрмеді. Саналы ұрпақ қалыптастыруда сап түзеуге әзір тұрған Роза Қажығалиева, Алмания Жолдыбаева сынды ұстаздар буыны біршама талапты жастың тұсауын кескені рас. «Кешегі Керей мен Жәнібек хандар ел іргесін қалаған» деп ағынан жарыла айтқан Жанат Шәмсиқызы да тарих пәнін оқытуда тартынып қалмаған-тын.
Тұтас ұжым тілекші
… Балалық шағы Екпін ауылында бастау алып, Көкжыраның жазығында құрбыларымен желдей ескен Роза Ғазизқызы қылдырықтай күнінен қайырымдылығы мен мейірбандығымен есте қалды.
– Елден ерек қасиеті – жастайынан есепке жүйріктігі. Содан болар, орта мектептен пединститутқа ойысқанда математика мен физика факультетіне түсіп, әр қадамын нықтай түсті. Розаның білімнің тұнығын қанып ішіп, тереңіне үңілуі бойындағы бөлекше бір игі қасиетті аңғартады. Ол не екен? Шамасы жүректің нәзік пернелерін тап басатын сезімталдық пен жан дүние жасауларының байлығы болар?.. – дейді замандастары.
Тұтас ұжым тілекші болып, жақсысын асырып, жамандығын жасыруға әзір тұрса, ұстаздың мәртебесі де бір төбе болғаны ғой?! Құрғақ мадақ пен асығыс айтқан лебіз емес, мәнді де мағыналы мысалдардың жемісі. 10 жылға жуық мектеп тізгінін ұстап, мейманасын тасытуға тас-түйін дайын жүретін білім ошағының директоры де ақжарма тілегін қаз-қалпы жеткізді. Бастысы, мораль басшылық бағалауының ең биігіне шыққан. «Қалтарыс-бұлтарысқа толы өмірде маған да ұстаз бола білген, өзі де, өзге жүректерді де бақытқа бөлеуге тер төгіп, көз майын тауысқан ұстазымның әрбір еңбегі бағалы» деген сөйлемдер өз шебінде шашау шығармаған мұғалімге деген шын құрмет деп қабылданды.
– Өмірдің сансыз қырын әлі зерттеп үлгермеген кішкентай бүлдіршінді өсіретін алып тұлға ұстаздың орны әркім үшін-ақ елеулі, орны айрықша. Сондай жанның бірі, мектебімізде 40 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан бастауыш сынып мұғалімі – Роза Қажығалиева. Оқушысын баласынан кем көрмей, бар білгенін үйретіп, жетелей білген жан еңбек жолын осы Амангелді орта мектебінде пионерлерге тәлімгер ретінде бастады. Ал бүгінде мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршінді «Әліппемен» сусындатып, алғашқы ұстазы атанатын бастауыш сынып мұғалімі, – деді білім ордасының басшысы Гаухар Бибосинова…
Шыңға шыққан шәкірттер
Батып бара жатқан күннің балқыған мыстай қызғылт нұрына шомылып, кезекті жұмыс күнін аяқтаған кейіпкеріміз үйіне беттеді. Шаршаңқы, асықпай жүріп қадамын нық басып келеді. Арагідік әрлі-берлі өткен көліктердің мотор гүрілі ойын бөліп, күндізгі қарбаласты еске салғандай. «Алтын белгі» төсбелгісін білесіздер ғой? Бір жылдары Амангелді орта мектебінде ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, Алтын белгісін ақтағандар легі толастамай тұрды. Біршамасының бағытын түзеп, жетекшісіне айналған ақсары жүзді айтары мол ұстаз «алда кімнің бағдарын айқындай аламын?» деп санасын сан-саққа жүгіртетіндей…
Ұстаздан шәкірт озған сәт осы ма дедік, Мадина Мурсалимова математика пәнінен биыл ХІІІ Халықаралық олимпиадада үздіктер қатарын толықтырып, жүлдегерлер үштігін қорытындылады. Естеріңізде болса, жуырда еліміздің шахматшылары онлайн Әлем чемпионатының топтық кезеңінде азулы Қытайды жолынан ығыстырып, жалпы есепте көш бастаған еді. Шахмат пен математиканың сабақтастығы талайға аян. Ендеше алда құрлық пен Еуразия көлемінде жүлде алар жеткіншектер Роза Ғазизқызының шәкірттері атанса таң қаларлық жайт болмас. Одан тыс, Ұлан Сағатов қазақ тілінен республикалық олимпиадада үшінші орын, Баян Қасымова, Інжу Өсерхан сынды бүлдіршіндер облыстық интеллектуалдық сайыс пен халықаралық бәсекелерде олжа салды. Ауқымды жарыстарда жасындай жарқылдаған жеткіншектер төбе көрсетсе, бір есептен ұстаз қаламынан шыққан әдістемелік құралдың әсері шығар. «Ауызша есептеу» деп аталатын еңбек жарық көргелі оқушылар ойлау кезінде де қалам мен параққа тәуелді емес. Қайта ой жүйелері өзгеше бір деңгейге көшкендей…
Лебіздер легі
1993 жыл табан аудармай тер төгер кезеңнің бастамасы. Мұны мектеп ұжымы бір сәтке де ұмытпақ емес. Осы жылы Екпіннің ерке қызы, кейін тәжірибелі мұғалім атанған Роза Қажығалиева бастауыш сынып ұстазы ретінде жауапкершілік сауытын алғаш рет киді. Күні бүгінге дейін тоғыз мәрте мектеп табалдырығын имене аттаған жүздеген шәкіртіне «Әліппе» ұстатып, өмір жолына қанаттандырды. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжанат Жакашева: «Роза Ғазизқызы білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге. Талай ұрпақтың санасында өз бойындағы іс пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре білген кемел ұстаз» десе, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Желдібаева: «Оқушыларымен өткізген әрбір тәрбиелік шараларында өзінің іскерлігімен, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен танылған жан» деп кәсіби маман тұрғысынан жоғары бағалады.
… Іргедегі Лайлы өзенінің жыраны ырып-жырып тепсінген баяу гүріліне құлақ тоса, жерлесіміз үйіне кіріп келеді. Кім бар үйде? Отағасы осында ма екен? Бәлкім, темір тұлпарына тіл бітіріп, кезекті қарбаластың әлегімен көрші ауылға кеткен болар. Иә, ол да мүмкін. Көкжырада Асқар Қапанұлыны есімі мәлім. Іскер азамат елдімекендегі түрлі шараларға демеуші атанып, қауырт тірліктің бел ортасында жүреді. Айтпақшы, Көкпекті өңіріне бір жылдары Ойсылқара ұрпағын әкеліп, Ертістің бойына жерсіндірген осы Асқар Қажығалиев еді. Тұрғындар шұбаттан дәм татып, бітімі бөлек жануарды бірнеше жыл бойы қызықтап келді.
Бірі ұстаз, бірі кәсіпкер… айрандай ұйыған отбасы екі қызды өмірге әкелді. Дана мен Әсем бұл күнде бір-бір отбасының түтінін түтетіп, ата-анасына немере сүйгізген. Босағадан кіре бере есік алдында керіле жатқан шашақ құлақты тазының да бітімі бөлек қой, шіркін? Күн ұзаққа босағада жүріп, төңірек тыныштығын күзетсе де әулеттің бір қазынасы іспетті.
***
«Әмбебап оқушылардың ордасы» деген сөйлем мысал етілді. Соларды жылдар көлемінде сәйгүліктей баптап, кем-кетігін толтырған ұстаздардың «Алтын дәуірі» 10-15 жылда қайталанып отырды. Амангелді орта мектебінде бірнеше жылда солардың есім-сойы айқындала жатар. Ал қазір айтарымыз, алакөбең таң атып, түн түрлігін түрген сәтте күнделікті жоспарын тас-түйін еткен Роза Ғазизқызы бүлдіршіндерге білгенін бөліссе түссін, әмәнда.
Әділхан ЕСІМХАНОВ