Көл үстіндегі бір түн

542
көрілім

Барқытбелдің баурайындағы Тарбағатайдың қарашада келетін қара суығы кейбір өңірдің қаhарлы қысын жолда қалдырады. Әсіресе ауданның ырысы болып отырған Зайсан көлінің маңындағы ауылдар қара суықты ерте сезінеді.

...Демалыс күні болатын. Әкем көлден күндегісінен ерте келді. Жел тұрып, толқын күшейіп кеткен соң қатерге бас тіккенді жөн көрмепті. Кешкі асқа отырғалы жатқанымызда әкемнің ұялы телефоны шырылдады. Сол кезде барып әкемнің кенже бауыры Таланттың көлден жағаға шықпағаны туралы естідік. Бірден Толеухан атамның шаңырағына жиналдық. Бүкіл ауыл азаматтары көл жағалап кетті. Түні бойы алаңдап, хабарласып қалар деп телефонға үңілумен таң атырдық. Таң ағараңдай бастады. Әлі еш хабар жоқ. Жанымызды шүберекке түйіп, ағамның аман қалуын тілеуден басқа қолымыздан ештеңе келмеді. Өмір мен өлім айқасында екіншісі жеңіске жетті-ау деп ашып айтпаса да, халықтың үміт үзе бастағандары көздерінен көрініп тұрды. Қаншама адамды жылдар бойы асырап отырса да, біраз отбасын отағасынан, ұлынан, аға-бауырынан айырған Зайсан көлі бұл жолы біздің әулеттің де басына қайғы әкелді ме деген ой келді маған. Еш хабар болмағасын бірі көңіл айтып, бірі қал сұрап, демеу болуға келіп жатқандардың қарасы көп болды. «Тіпті болмағанда денесі табылса жөн еді», - деген сөздерді де құлағымыз шалды. Дәл осы сәтте жарық дүниеге әкеліп жеткізген баласын өлді деуге қимаған ана мен әкенің жүрегінде ғана үміт оты сөнбеді.

Түс ауа телефонның шыр еткен үні бар назарды өзіне аударды. Арғы жағынан «мен, мен ғой Талант! Үйдегілерге айтшы, аман-саумын, келіп алып кетсін», - деген дауысты естіген бойда 2 күнгі уайым бірден ұмытылып кете барды. «Көп тілеуі-көл» деген, ағам аман қалды. Бәрі орнына келіп, ағам оңалғаннан кейін болған жағдайды баяндап берді.

- Сағат 4-тен кейін ау қарап болып, жағаға шығуға ыңғайланған кезде мотор оталмай қалды да, соны күтіп тұрғандай алай-дүлей жел басталды. Толқын барған сайын күшейе түсті. Үйдің бойындай толқын үстімнен айналып өткендей болса, келесісі қайықты көміп кетіп жатты. Қайыққа құйылған суды қолымдағы ыдыспен төге бердім, төге бердім. Көзім үйренгендікі ме, түн ортасы болса да айналам жарық сияқты көрінеді. Суды төгіп отырып: «Мені үйде тосып отырған әке-шешем бар, туыстарым, достарым бар. Қайтсем де аман қалуым керек», деп өзімді қайрай түстім. Асау толқындармен таңғы сағат 4-ке дейін арпалыстым. Қайығым тік көтеріліп, қайтадан орнына келгенде, құйылған су жып-жылы сияқты көрінеді. Сол кезде рахаттанып, тәтті ұйқыға кетіп бара жатқандай күй кешемін. Марқұм апамның «Талант! Талант!» - деген дауысы құлағыма келеді де, есімді бір сәт жиғандай боламын. Аман қалуға әрекет жасап, жанталаса бастаймын. Жағаға таяп қалған болуым керек, адамды көтеретіней мұзға тап болдым. Соның үстіне шығып, жағаға қарай беттедім. Алыстан аттылы кісіні көріп, айқайлап едім, естімеді. Анандай жердегі там үйді көзім шалды. Аяқтан тұрып жүретіндей шамам жоқ, түні бойы су бетінде өмір үшін күресіп, жағаға шыққанда беріле салсам ең үлкен жеңіліс сол болар еді. Біресе еңбектеп, біресе тізерлеп, әйтеуір там үйге жеттім. Үйге кіргенде көзіме бірден орыс апа түсті. Одан әрі ештеңе есімде жоқ, тек суық суға жуындырып жатқанын білемін. Бір есімді жисам, ол кісі менің су киімдерімді шешіп, орап-қымтап төсекке жатқызып қойыпты. «Кімге хабарласайын, үйіңнің телефонын айт»,- деп жатқаны есімде. Орысша жетік білмесем де, үйдегілердің нөмірін қалай айтқанымды, қалай сөйлескенімді де білмеймін. Біраз уақыт өтсе керек, дабырлаған дыбыстан ояндым. Мені іздеп келген Қанат пен жиен ағаларым екен. Өмірі көз жасын көрмеген ағам мені құшақтап жылай берді, жылай берді. Кейіннен білгенімдей, «Ақтүбектен» аққан бетте 40 шақырым сумен ығып барып, Тассайдан әрі 20 шақырым жерден «Еркінбектің шүмегі» деген жерде жағаға шығып қалыппын. Егер Наташа апа алдымнан шықпағанда, аман қалуым екіталай еді,- деп Талант ағам әңгімесін қысқа қайырды.

Асау аттың құлағында ойнап, көкпар тартып, спорттың сан түрін серік еткені де ағамның аман қалуына септігін тигізгені анық. Шорға ауылының жұрты түні бойы ағамның тірі қалуын тілесе, ер азаматтары күні-түні аттан түспей іздеуде болды. Бұл оқиға бір есптен ауыл тұрғындарының ынтымағы жарасқан, басқа түскенді бірлесіп көтере білетін ауыл берекесінің дәлеліндей болды.