Көңілді жастар Өскеменде бас қосты

489
көрілім

Облыс орталығында Жастар жылы аясында "Казцинк" кубогіне арналған ашық республикалық КВН фестивалі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл әзілкештер додасына жеті команда қатысты. Облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Жастар ресурстық орталығы қолға алған шараға тігілген қаржылай сыйлықтар да қомақты. Көңілді әрі тапқыр жастар бақ сынап жатқан сайысқа жергілікті командалардан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Павлодар облысынан келіп өз мүмкіндіктерін байқады. Жұртшылық асыға күтіп, тілеулестік танытқан ұжымдардың бірі – "Өскемен" және семейлік "Альянс" командалары десек қапы айтпаспыз. Жуырда ресейлік "ТнТ" арнасында Өскеменнің экологиялық мәселесін бимен жеткізген Шыңғысхан есімді жігіт, республикалық Жайдарман сайысында астарлы әзіл мен әсем биімен есте қалған семейлік "Альянс" командалары сайыс көркін одан әрі қыздырды. Ал тағы бір өскемендік "Голд" командасы өзіндік креатив білдіріп, өткір әзілдерін ұсынды. 

 – Командалардың әзірлігі өз деңгейінде. Өңірдегі бірқатар өзекті мәселелер астарлап жеткізілді. Әсіресе «Альянс» командасының аяқ алысы ерекше ұнады. Не десек те тәжірибесі толысқан ұжым, әрі билеудегі акробатикалық элементтері де қонақтарды сүйсіндіртпей қоймады, – деді Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлы Есімбекова.


Сонымен жиналған жұрттың біршамасы топшылағандай, «Альянстың» асығы алшысынан түсіп, бас жүлдеге ие болды. Бірінші орынға елордалық «Коргалжино», екінші орынға «Өскемен», сондай-ақ үшінші орынға павлодарлық команда ие болды.

Айта кетейік, бас жүлде иеленген команда 300 мың теңге қаржылай сыйлығын еншіледі. Одан кейін иеленген орындарына қарай 200 мың, 150 мың және 100 мың теңге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Мұнымен қоса, жүлдеден шет қалған ұжымдарға 50 мың теңге ынталандыру сыйлықтары берілді. 

Әділхан ЕСІМХАНОВ