Ғаламтор мәселесінің түйіні қашан тарқайды деген сауалдың жауабын ешкім тап басып айта алмай келеді. Аудан әкімдіктерінің жағдайды реттеуге қауқары жете бермейді. Басым жағдайда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға роутер орнатумен шектелуде. Оның өзінде мұндай шаралар індет әбден қыспаққа алып, жер-жерде мектептер мен университтер қашықтан оқуға ауысқан кезде қолға алынды. Дегенмен байланыс мүлде нашар жоқ ауылдар да бар. Күршім ауданы Қалғұты ауылынан хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз осы мәселені көтерген еді.
«Қоңырау шалудан құр қалдық»
Жергілікті жұрт Қаратоғай ауылы деп те атайды. Тыныс-тіршілігі тұраламай, бірі кәсібін дөңгелетіп, бірі кіндік қаны тамған жерде тұрақтап қалуға бекінген. Талай жылдан бері толғандырып келе жатқан мәселе – жоғарыда айтылған интернет. Тұрғындар сөзінше, әкімдік осы жайттан хабардар. Алайда «іске келгенде іліп аларлық әрекет көрінбей тұр» дейді соңғы жылдары қала, аудандармен байланысудан қалған қаратоғайлықтар.
– Хабарласу мүмкін болмай кетті. Мейлі, жоғары жылдамдықты интернет тартылмаса да тым құрығанда 3G, H+ … ұстап, жаңалықтар оқып, хабарласу кезінде кедергілер болмаса ғой?! Цифрлық қоғам деп жанталасып жатқанда, қоңырау шала алмай отырған ауылдарда өзгеріс қашан болады? – дейді Айбат Ораз (аты-жөні өзгертілген).
Аудан әкімдігіндегілердің сөзінше, мүлде хабарласа алмай отырғандықтары туралы мәлімет жалған. Ауыл көлемінде толық тартылмаса да, әлеуметтік нысандарда интернет желісі бірқалыпты жұмыс істеуде.
– 174 үйдің 28-не ғаламтор тартылған. Күршім мен Қаратоғай ауылын жағалайтын жерасты магистральдік симметриялы кабель ескіргендіктен қалған үйлерге интернет тарту мүмкін болмай тұр, – деді аудан әкімінің орынбасары Рәзия Үмітбаева.
Ескірген кабельді ауыстырып, жағдайды реттейтін кім? Газет редакциясына бірнеше мәрте қоңырау шалған оқырмандар өтінішінің аяқсыз қалғаны ма? Осы ретте әкімдік тарапы тиісті мекемеге хат жолданғандығын жеткізді. Яғни ресми хат ауылға интернет желісін тарту бойынша «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының филиалы Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясына жіберіліпті. Тұрғындардың әліптің артын баққаннан басқа амалы жоқ.
Қашан шешімін табады?
Рәзия Дүйсенханқызы мәселенің келер жылы шешімін табарына сенім білдірді. Аудан көлемінде биыл үш ауылға интернет желісі тартылған. Атап айтсақ, Қалжыр, Боран және Марқакөл елді мекендері.
– Күршім ауданы тұрғындарын ғаламтормен қамтамасыз ету туралы «Қазақтелеком» АҚ филиалы Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы талшықты-оптикалық байланыс желілері бойынша ҚР ауылдық елді мекендерін кең жолақты қатынаумен қамтамасыз ету мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасын жүзеге асыру аясында қолға алынды, – делінген мәліметте.
Осыған сәйкес аталған үш ауылдағы мектеп, ауруханалар, полиция учаскесі мен әкімдіктер жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Дегенмен 674 тұрғыны бар қаратоғайлықтардың әлі де қиындық көріп, ғаламтор төңірегінде кең тыныстай алмай отырғандары өкінішті жайт. Не дегенмен келер жылы бір өзгеріс болуы кәдік. Әрине ол да уақыт еншісінде. Теле2 ұялы байланыс операторы арқылы интернетпен қамту тізіміне енген ауылдар кестеде көрсетілген:
№ |
Ауыл атауы |
Теле2 ұялы байланыс жобасы |
1 |
Бурабай |
250+ |
2 |
Қойтас |
250+ |
3 |
Үшбұлақ |
250+ |
4 |
Теректібұлақ |
250+ |
5 |
Аманат |
250+ |
6 |
Маралды |
250+ |
7 |
Төсқайың |
250+ |
8 |
Барақ батыр |
250+ |
9 |
Қалжыр |
250+ |
10 |
Марқакөл |
250+ |
Жауапты тұлғалардың сөзінше, бұл жұмыс желтоқсан айының соңына дейін аяқталмақ.